Биыл «Qazaqstan дауысы. Балалар» байқауы Ұлттық арна эфирінен көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Qazaqstan дауысы. Балалар» байқауы Ұлттық арна эфирінен көрсетіледі

25.02.2023

Көрермен көзайымына айналған «Qazaqstan дауысы. Балалар» байқауы биыл да Ұлттық арна эфирінен көрсетілмек. Екінші маусымның түсірілімі аз күнде басталады. Онда қандай өзгеріс болады? Қанша қатысушысы бар?

«Qazaqstan дауысы. Балалар» музыкалық мегажобасының екінші маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әйгілі «The Voice. Kids» телешоуының қазақстандық нұсқасы көктемнен бастап көрерменге жол тартпақ. Байқауға қатысуға 6 мыңға жуық баладан өтінім келіп түскен. Оның ішінде Молдова, Грузия, Өзбекстан, Дағыстан, Бурятия, Татарстан сияқты елдерден өнерпаздар ниет білдірген.

Сандуғаш Рахимжанова, «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының бас продюсері:

Қазақстанның балаларынан бөлек шетелдік қатысушылар да болады. Олардың бұл жобаға қызығушылығы өте жоғары. Өйткені мұндай жоба Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанда ғана бар. Сондықтан биылғы «Qazaqstan дауысы. Балалар»-дың ауқымы кеңірек болады. Біз осы маусымда көрерменді таңғалдырамыз деп ойлаймын.

Ұйымдастырушылар биылғы маусымда көзі қарақты көрерменнің өзін таңдай қақтырамыз деп отыр. Ол үшін жобаға түрлі жаңалықтар енгізген. Тың технологиялар қолданып, тіпті үйреншікті локацияларға да айрықша детальдар қосқан. Бұдан басқа өзгерістер де жетерлік.

Балнұр Суенова, «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының бас редакторы:

Біздің дайындап жатқан ерекше тосын сыйымыз бар. Өте сондай тәжірибесі мол, балаларға берері мол, тәлімгер ретінде үйретері көп, қазақ эстрадасына танымал, мемлекетімізге танымал әншілерді іріктеп шақырдық тәлімгер ретінде. Және де жүргізушілерімізде де өзгерістер болады алдыңғы маусымға қарағанда. Жалпы бұл маусымның алдыңғы маусымға қарағанда ерекшеліктері көп болайын деп тұр.

азір онлайн кастингтен кімдердің сүрінбей өткені белгілі. Бірақ жоба жетекшілері оны құпия ұстап отыр. Талап бойынша қанша бала көрмей тыңдау кезеңіне жолдама алғаны да әзірге айтылмайды. Тағы қандай ашылмаған сырлар бар? Оны жуырда «Qazaqstan» арнасынан көрсетілетін мегажобада білетін боласыздар!

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу