«Қазавиақұтқару» мекемесі қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазавиақұтқару» мекемесі қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлейді

24.02.2023

«Қазавиақұтқару» мекемесі қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеп, балаларына ай сайын жәрдемақы беріп отырмақ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Жалпы тікұшақ апатының хронологиясы қалай болды? Неліктен алғашқыда МИ-8 бортында болғандардың барлығы аман деген ақпарат тарады? Досжан Маратұлы тарқатсын.

Апатқа ұшыраған «Қазавиақұтқару» мекемесінің ұшағы кеше сағат 10:40-та Атыраудан ұшып шыққан. "Қазтрансойл" компаниясының тапсырысымен көкке көтеріліп, «Атырау-Самар» магистральды мұнай құбырын бойлай ұшады. Барлау жұмыстарын жүргізеді. Бірақ Оралға жетіп, оралмай қалды. Қаладан 54 шақырым жерде апатқа ұшырады.

Бір бүйірімен жатқан МИ-8-дің қатты соғылғанын аңғаруға болады. Төтенше жағдайлар министрлігі алғашқыда «тікұшақ апатты жағдайда қонды, борттағылар аман» деп ақпарат таратқан еді. Сөйтсе тірі қалғандардың бірі байланысқа шыққан диспетчерге солай айтыпты. Солай болған да шығар. Алайда 3 сағат 20 минутта апат орынына жеткен құтқарушылар 4 әріптесінің мүрдесін алып шықты.

Руслан Иманқұлов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

Өте білікті, өте тәжірибелі мамандар болды. Олардың әуеде ұшу сағаттары да аз емес. Әрқайсының авиақұтқару саласындағы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес. Ал жалпы жұмыс тәжірибелері 30 жылдан асады.

Иә, құтқару саласында ұзақ жылдар ойы еңбек еткен экипаж мүшелері талай рет құтқару операцияларына қатысып, сан мәрте көкке көтерілген. Бірақ бұл жолы соңғысы болды. Марқұмдардың барлығының отбасы, бала-шағалары бар. Министрлік оларға қамқор болмақ.

Руслан Иманқұлов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

Ритуалды қызметтерге жұмсалатын барлық шығындар «Қазавиақұтқару есебінен жүргізілетін болады. Қаза тапқандардың отбасындағы балалар кәмілет жасына толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етілетін болады.

Ал 4 адамның өмірін жалмаған апаттың себебі әзірге белгісіз. Алдын ала болжамдар да айтылмай отыр. Өйткені экипаж білікті, ауа райы қолайлы, ұшақ жаңа болған. Сондықтан оқыс оқиғаның себебін сауатты жүргізілген тергеу ғана анықтап бермек.

Досжан Маратұлы, тілші:

Ол үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына МИ-8 ұшағын құрастыратын зауыттың өкілдері де қосылып, тергеуге көмектеспек. Қазір "абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Оны Бас көлік прокуратурасы қадағаламақ.

Хабарламаларға жазылу