Еліміздегі мектептер қауіпсіз бе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі мектептер қауіпсіз бе?

20.02.2023

Елдегі 3 мыңнан астам мектепте күзет қызметінің лицензиясы жоқ. Кей білім ошақтарында тіпті дабыл батырмасы істемейді. Балта мен пышақ ұстап, бірнеше баланы жарақаттаған петропавлдық оқушының әрекетінен кейін Ішкі істер министрлігі осындай есеп берді. Баланы мектепке жіберу қазір қауіпсіз бе? Алаңдауға негіз бар ма?

Айя Мүтәлі, тілші:

Сонымен, мектептердегі қауіпсіздік қандай? Петропавлдағы жағдайдан білім ошақтары сабақ алды ма? Қазір шағын эксперимент жасап, тексеріп көрейік.

Барынша көзге түспей ғимараттың ішіне кіруге оқталдым. Алайда, күзет қызметі табалдырықты аттаған бойда тоқтатты.

Дәл осылай елордадағы бірнеше мектепті араладық. Бір байқанымыз, күзетшінің дені - зейнет жасындағы әйелдер.

Ал Оқу-ағарту министрлігіне сенсек, елдегі 7 мыңнан астам мектептің 85 пайызында мамандандырылған күзет қызметі жұмыс істейді. Ал тең жартысы бейнебақылау камерасымен қамтылған. Алайда, Ішкі істер министрі бұл есепті бүгін жоққа шығарды. Айтуларынша, 3 мыңнан астам білім ошағындағы қарауыл лицензиясыз жұмыс істеп жүр. Мектепке шабуыл жасалса, шұғыл көмек шақыратын дабыл батырмасы да істен шыққан.

Серік Құспанов, ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Білім беру мекемелеріндегі күзет қызметіне тиянақты қаржы бөлінбекгендіктен, олардың көбінде лицензия жоқ. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жеке фирмалармен келісімшартқа отырып ақылы күзет қызметін жалдап отыруы тиіс.

Ал сенатор Нұртөре Жүсіп бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келгенде мемлекеттің ақша санап қалғаны дұрыс емес деп есептейді. Мектепке қаруланған күзет қойып, ғимаратқа кіргендерді түгел металл іздегіш құралмен тексеру қажеттігін айтады.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты: 

Нью-Йорк қаласында бір тәжірибе бар екен. Ол жерде жергілікті полиция сырт жақтан ешкім кірмей ма, мектепке? Қандай зат алып келе жатыр? деген мәселені сырттан қадағалайды. Әсіресе, Францияда рюкзактар, портфельдер тексеріледі. Антитерористік әрекеттерге қарсы амалдар жасауды үйретеді балаларға.

Сенатор мұны қайғылы жағдай болғанда ғана әрекет ететін уақытша науқан болып кетпесе екен деп алаңдайды. Себебі, Тараздағы оқиғадан кейін барлық мектеп бейне бақылау камерасымен қамтылғанымен, іс жүзінде техниканың көбі істемейді дейді. Сондай-ақ, мектеп қауіпсіздігін Үкіметке ғана артып қоймай, ата-ананы да өзіне жауапкершілік алуға шақырды.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу