Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр

20.02.2023

Мәжіліс және мәсихат депутаттары сайлауына қатысатын саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарымен өңірлерді аралауға кірісті. Кандидаттар сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, халықтың қордалаған мәселелерін тыңдап жүр.

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы өңірлерде сайлаушылармен кездесуді бастады. Штаб мүшелері алдымен Түркістан облысына барып, зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Бұдан соң, штаб мүшелері Кентауда қалалық 5 жылу электр орталығы- ұжымымен кездесті. Онда партиялықтар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, еңбек адамының мүддесін қорғау және басқа да мәселелерді талқылады.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолға алған реформаларының, соның ішінде негізгі саяси институттарды жаңғыртудың ең соңғы сатысы. Сайлауалды науқанымызды біз осы қасиетті Түркістаннан бастайық деп отырмыз. Бұл сайлау енді елді бөлетін емес, елді біріктіретін сайлауға айналса екен деген біздің тілегіміз бар.

«Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Жамбыл облысында жалғастырып жатыр. Саяси ұйым өкілдері Тараз қаласында полиэтилен және полипропилен материалынан қап пен жіп өндіретін зауытқа барды. Жұмысымен танысып, қызметкерлерімен кездесті. Партияның саяси бағдарламасын түсіндіріп, сайлау науқанына атсалысудың және дауыс берудің маңыздылығын айтты. Ал зауыт еңбеккерлері өздерін мазалаған сауалдарын қойып, жауап алды. Депутаттыққа кандидаттардың бір бөлігі Жамбыл облысының өзге де аудандарына баруды жоспарлап отыр. Оның ішінде Меркі, Рысқұлов және Жуалы ауданы қамтылады. Ал үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып жүрген негізгі топ ертең Алматы қаласының тұрғындармен кездесу өткізбекші. Жалпы үгіт-насихат сапары кезінде «ауылдықтар» еліміздің барлық өңіріне баруды көздеп отыр.

«Respublica» партиясы сапарын жер жәннаты Жетісуда жалғастырды. Республикашылар мінген автобус әуелі Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзекке тоқтады.Халықпен кездесіп, тұрғындарға өз бағдарламаларын таныстырды. Жиынға келушілер, аудандағы білім, денсаулық салаларындағы мәселелерді жеткізді. Партия өкілдері мұнан соң облыс орталығы Талдықорғанға ат басын тіреп, бас штабқа тоқтады.

Екатерина Смолякова, «Respublica» партиясының өкілі:

Көпшілікпен, халықпен кездестік. Әрине әрбір кездесуде әртүрлі сұрақтар туындап жатады. Сондықтан бірлесіп халықтың игілігіне, еліміздің өркендеп деп дамуына, жастарымыз, ұрпағымыз келешекте жақсы өмір сүруіне үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.

Көпбалалы және ерекше қамқорлықты қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау аясын кеңейту. Қазақстан Халық партиясы Астанада өткен Аналар құрылтайында осы мәселеге көңіл аударды. Жалпы саяси ұйым өз бағдарламасында әлеуметтік салаға басымдық берген. Жиналғандарға соның жай-жапсары түсіндірілді Құжатта алтын құрсақты аналардың мәртебесін нығайту, бала тәрбиесі, тұрғын үй, жаңа жұмыс орындарын құру туралы айтылған.

Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Халық Партиясы» ҚБ Төрағасы:

Әрине елімізде көпбалалы аналарға көңіл бөлініп келеді. Бұл істі жетілдіре түсуіміз маңызды. Жалпы отбасы – қазақ қоғамының асыл құндылығы екенін әрқашан жадымызда ұстауымыз қажет. Бәріміз сол алтын ұядан шықтық. Сондықтан саяси өмірімізде көпбалалы аналар басты назарда болуы тиіс.

Сайлау дүбірі сезіліп, саясат сеңі қозғалғанда «Байтақ» жасылдар партиясының республикалық штабында жұмыс қыза түсті. Өткен екі күндегі жұмыстар пысықталып, сайлаушылар тарапынан түсіп жатқан сұрақтар сараланды. Өңірлерде де бұл бағыттағы іс-шаралар кестеге сай жүргізіліп жатыр. Халықпен кездесулер ұйымдастырылып, саяси құрылым сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндірілуде. Аймақтық штабтарға үгіт-насихат материалдары толығымен жеткізілген.

Қайрат Айтбай, «Байтақ» Жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы:

Заңға сәйкес, өздернің үгіт-насихат материалдарын таратып жатыр. Халық оны жақсы қабылдап жатыр. Біз аралап жүргенде байқағанымыз осы болайын деп жатқан алдымыздағы тарихи сайлау науқанына өте жауапкершілікпен қарап отырғанын байқадық. Сайлау болатынын біліп отыр, қандай сайлау болатынын біліп отыр.

Елордада «Ақ Жол» партиясының кандидаттары Астана су арнасы мекемесінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиында партия Төрағасы Азат Перуашев сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ұжым еңбеккерлері өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап алды. Жалпы ел ішіндегі өзекті мәселелер ортаға салынып, оны шешу жолдары талқыланды.

Азат Перуашев, «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Мұндай кездесулер ерекше маңызды деп санаймыз. Әрине еңбек ұжымдарымен кездесіп, кез-келген мекеменің қызметкерлерімен ақылдасып пікір алмасып келе жатырмыз. Әрине бұл жерде екі мақсат ұстаймыз.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы аймақтағы үгіт-насихат жұмыстарын Қарағанды өңірінен бастады. Саяси ұйым өкілдері жергілікті сайлаушылармен кездесіп, алаңдататын мәселелерді тыңдады. Жиылғандардың арасында жастар мен «Қарағанды-нан» кәсіпорнының еңбеккерлері бар. Бұл тұрғыда партия мүшелері, аталған проблемалардың шешу жолдарын қарастыруға ниетті екенін жеткізді.

Қазгелді Омартегі, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Кандидаттар шығу керек келешегіміз үшін. Кандидаттарымыз депутат боп сайланып жатса, халықтың мұң-мұқтажын көтереді, үлкен жақсы өзгерістер болады деп ойлаймыз, өзіміз сенеміз.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу