Ауызсу сапасыз, жылу жоқ: Ақмола облысы тұрғындары Президентке шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауызсу сапасыз, жылу жоқ: Ақмола облысы тұрғындары Президентке шағымданды

19.02.2023

Энергия тапшылығы – тұтас Қазақстанға ортақ проблема. Мәселен, Көкшетауда мүлдем Жылу электр орталығы жоқ. Білдей бір облыс орталығы шағын қазандықтармен амалдап отыр. Өңірдегі жалғыз станция Степногорскте, бірақ оның өзі әбден азып-тозған. Жарты ғасырдан артық жұмыс істеп тұр. Осы апта Президент Ақмола облысына барды. Міне, осы мәселе көтерілді. Президентпен кездесуге ауыл азаматтары да бірқатар түйткілін арқалап келіпті. Өйткені кей мәселені жергілікті билік Мемлекет басшысы тапсырма бергеннен кейін тез шеше қоятынын біледі.

Осы орайда 2020 жылы қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Қазақстанға сапары еске түседі. Тұрғындар барлық дерлік аймаққа тән «су жоқ, жол жоқ» деген сияқты жоқтарын тізіп тұрады. Сонда президент былай деген еді: «Мен күнде мұнда келе алмаймын ғой. Әрине, тырысамын. Бірақ жеріміз кең байтақ. Әрі адамдардың нақты жергілікті мәселені шешіп беруді өтініп, мемлекет басшысына, үкімет басшысына жүгінгені жөн емес. Онда облыс әкімі не үшін керек? Аудан әкімі? Қала берді ауыл әкімі ше? Ақмола облысының халқы Президентке қандай мәселені жеткізді? 

 Асима Нұрбайқызы, тілші:

Көкшетау – облыс орталығы. 190 мыңнан аса халық тұрады. Бірақ қалада ЖЭО мүлдем жоқ. Шаһар шағын қазандықтармен жылынып отыр. Тұтас республика бойынша ыстық суы жоқ жалғыз облыс орталығы да осы.

6 жылу қазандығы бар. Алтауы да ескірген. Жылда қаржы бөлінеді, жылда жөнделеді. Бірақ мәселе онымен шешілмесе анық. Арнайы жылу электр орталығы керек.

Малғаждар Тәткеев, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Ол қазіргі уақытта сараптамадан өтті. Бағасы 240 млрд теңге. Бірақ оны іске асыруға облыс деңгейінде қаражатымыз жетпейді. Сондықтан Үкімет шешімі бойынша бұл жоба республикалық деңгейге берілді. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі конкурс жүргізіп жатыр. Сол жерде инвестор анықталуы керек.

Демек, қалада кемі әлі 4 жыл ЖЭО болмайды. Құбырларының да тоз-тозы шыққан. Бұл - кәдімгі тұрғындар тұтынып отырған ауыз су. Сапалы суды жұрт сарғая күткелі қашан? Сырттан сатып, тасып ішуге мәжбүр.

Торғын Құдабаева, қала тұрғыны:

Суын мақтай алмаймын. Нашар, міне сатып аламыз осылай мына жерден аламыз. + жарамайды ғой. Аққанда да сап сары болып тұрады ғой.

Су тазарту құбырындағы ақауды жөндеу үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Биыл да беріледі. Бірақ, судың түсі өзгерген жоқ.

Малғаждар Тәткеев Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары:

2024 жылы аяқтаймыз жобаны. Оған дейін сары су ағып тұрады? Сары су емес, оның өз мезгілі бар. Көктемде, қыстыгүні тазалау болады. Сонда түсі өзгереді. Иіс бар? Иіс бар деп айта алмаймын. Тазартып ішу керек. Біз ескерткенбіз, бұл суды ішуге болмайды. Қайнатып қана іше аласыздар..

Ал ыстық су Көкшетауда қысы-жазы жоқ. Халық арнайы жылыту құбырғыларымен жан бағып отыр. Коммуналдық тарифке ең көп ақша жұмсайтыны да содан. Президент Ақмола облысына сапарында Көкшетауда ЖЭО құрылысын тездетуді тапсырды. Жергілікті билік нысанның қуаттылығын сағатына 520 гига калорий жылу мен 240 мега ват электр энергиясын өндіретін деңгейге дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Өйткені тұтас өңір үшін ең өзекті мәселелердің бірі – энергия тапшылығы.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Ақмола аумағына 3 қала мен 17 аудан кіреді. Бірақ облыс бойынша 1 ғана ЖЭО бар. Ол осы Степногорс қаласында. Оның өзінің аты бар да, заты тозған. Салынғанына 57 жылдан асып барады.

Орталық 69%-ға тозған. Ал жылу құбырларының жағдайы одан да қиын. Желілердің 82 пайызы ескі. Ал орталық басшысы тығырықтан шығу жолын тариф көтеру деп отыр.

Игорь Шитов, Степногорск жылу электр орталығының директоры:

Әрине, 60 жылда құрылғы ескірді. Ал қазіргі тариф орталықты жаңғыртуға мүлдем жетпейді. Материалдардың бағасы қатты өсіп жатыр. Қазандық агрегатын, тұрбалар мен генераторды айырбастауды жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысы проблеманы шешу жолдарын егжей-тегжейлі пысықтау керек, - деп отыр.

Сонымен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін облыстың барлық аумағында жылу желілері мен қазандық жабдықтары тексеріледі. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа сапары барысында бірқатар нысан аралады, тұрғындармен де кездесті. Қордаланып қалған проблеманы президентке жеткізудің сәті түсе бермейді. Сондықтан жиылған қауым түрлі саланың мәселесін айтып қалуға тырысты.

Қуаныш Рақышев, шаруа иесі:

Финансирование тездетсе көктемде тезірек бөлуге. Қазір программалар бар соны тездетсе. Екінші шағын кәсіпкерлер бар. Олар продкорпорацияның көмегімен жұмыс істейді. Қазір мына көктемгі егіске көмегі керек. Мына закупты ертерек берсе екен. Сонда кіші шаруашылықтарға көп көмек болушы еді. 15-мартқа дейін бере қойса жақсы болар еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде бұл мәселе өте өзекті. Орынды. Сондықтан Үкімет әрқашан да көмегін көрсетеді. Көмегімізді береміз.

Ауылдан арнайы келгендер де болды. Мәселен, «Бестөбеліктер» базынасын бұған дейін талай рет жергілікті билікке айтып жүрген. Бестөбе алтын өндіретін шахталары 2021 жылдан бері тоқтап тұр. 1300 шахтер жұмыссыз отыр. Олардың отбасы бала шағасы бар. Қазіргі уақытта шахтаны су басып жатыр. Соған шұғыл түрде сізден көмек сұраймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл мәселені шешу керек. Сондықтан Үкіметке тиісті тапсырманы мен бердім. Таяу арада шешіп аламыз деп айта алмаймын. Дегенмен бұл мәселе менің бақылауымда болады.

Ақмола – қай жағынан алса да маңызды облыс. Алдымен агроөнеркәсіпті аймақ. Азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей жауапты өңір. Спортта да осал емес. Президент жас спортшыларға да қолдау білдіріп, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Бейресми әңгімені бокстан әлем чемпионы Дина Жоламанның әзілі әрлей түсті.


Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу