Емханаға тіркелудің ең оңай үш тәсілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Емханаға тіркелудің ең оңай үш тәсілі

18.02.2023

Көптің көкейіндегі маңызды сұрақтардың бірі – емханаға қалай тіркелуге болады? Қызметті онлайн алуға бола ма? Олай болса, экранға жақындаңыздар, біз сіздерге үйде отырып медициналық ұйымға тіркелудің ең оңай тәсілдерін көрсетеміз.

Асылбек Данияр, тілші:

Емханаға тіркелудің ең оңай тәсілдері мыналар:
Бірінші әдіс - Егов порталы арқылы. Жүйеге кіру үшін электронды цифрлы қолтаңба арқылы немесе телефоныңыздағы E-gov қосымшасын пайдалануға болады.

Әуелі E-gov порталындағы кіру бөліміне өтесіз. Әрі қарай QR кодты сканерлейсіз. Бұл уақытыңызды үнемдейді. Әрі қарай, денсаулық сақтау қызметін таңдап, Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту бөліміне кіресіз. Онлайн сұрау жібересіз. Қызмет алу деген орында «өзіңізге» немес «балаңызға» бағанының біреуін таңдайсыз. Аймаққа / өзіңіздің тұрғылықты мекенжайыңызды толтырасыз. Мәселен, Астана қаласы / Есіл ауданы... Одан соң, үйіңізге жақын орналасқан, 15-20 минутта жаяу бара алатын емхананы көрсетесіз. Тіркелу себебін таңдайсыз. Көшу немесе еркін бекіту. Сосын сұранысты жолдайсыз. Жауабы 1 жұмыс күні ішінде келеді. Оны жеке кабинет арқылы бақылап отыру керек.

Жыл сайын қыркүйектің 15-нен бастап қарашаның 15-не дейін, емханаға тіркелу науқаны жүреді. Оған үлгермеген және нақты себебі жоқ азаматтар келесі науқанды күтіп, тіркеудегі емханада медициналық көмек алуды жалғастырады. Енді, екінші тәсіл.

Ол телеграм бот арқылы. EgovKzBot арнасын тауып, старт батырмасын басасыз. «Денсаулық сақтау» қызметін таңдап, «мессенджер арқылы медициналық ұйымға тіркелу» батырмасын басыңыз». Қызметті кімге қабылдайтыныңызды көрсетіңіз. Мекенжай деректерін растаңыз және емхананы таңдаңыз. Әрі қарай, бот тіркелу себебін және дәрігердің деректерін енгізесіз. СМС арқылы келген растау кодын жазыңыз.

Және соңғысы емхана бару арқылы. Міндетті түрде жеке куәлігіңізбен және денсаулығыңызға қатысты құжаттармен тіркеу бөліміне барып, өтініш жазасыз. Қызмет көрсету мерзімі1 жұмыс күні.

Тағы бір айта кететін мәселе - айлық есептік көрсеткіш пен ең төмен жалақы мөлшерінің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төлейтін жарна мөлшері өсті.

Жұмыс берушілер жұмысшылары үшін еңбекақының 3 пайыз мөлшері, келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндер табысының 2 пайызын, жеке кәсіпкерлер 4 900 теңге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 1 725 теңге мен 3 450 теңге аралығнда жарна төлейді. Ал, қарапайым тұрғындар 3 500 теңге аударады. Бұдан бөлек, жеңілдіктің 15 санатына кіретін азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

Қысқа-нұсқа осы. Ұсынған деректеріміз кәдеңізге жарасын. Денсаулығыңызды күтіңіз.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу