Елде жүргізуші куәлігін сату азаяр емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде жүргізуші куәлігін сату азаяр емес

15.02.2023

Жүргізуші куәлігін алуға қатысты талаптар күшейгенімен, құжатты заңсыз сататындар азаймай тұр. Тіпті шетелдіктерге қазақстандық құжаттың жалған нұсқасын ұсынатын арнайы сайт іске қосылған. Мұндай заңсыздық қашан тыйылады? Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының бұған қатысы бар ма?

Ел арасында «Спеццон» аталып кеткен қызмет көрсету орталықтары алдында ашықтан ашық сауда жүргізіп келген делдалдар енді әлеуметтік желіге көшкен. Жүргізуші куәлігін жаңадан алушыға да, тіпті көлік тізгіндеу құқығынан айырылғандарға да көмектесеміз деген хабарландырудан көз сүрінеді. 3 күн ішінде ешбір емтихансыз, тіпті кезекке тұрмай-ақ жасап береміз деп жұртты қызықтырған.

Ресей азаматтары үшін қазақстандық куәлікті ұсынатын арнайы сайтты да көзіміз шалды. Қызмет құны – 29 500 рубль, яғни 180 мың теңге шамасында. «Құжатты түпнұсқадан айнытпай, сапалы жасаймыз» деген жарнамасы да бар. Тиісті анкетаны толтырып, фото жолдасаңыз көп ұзамай хабарласуы тиіс.

Айя Мүтәлі, тілші:

Сайтта көрсетілгендей бәрін толтырып шықтым. Содан бері шамамен 3 сағаттай уақыт өтті. Әзірге ешкім байланысқа шыққан жоқ. Дегенмен уақыт оздырмай, өзге жарнамалар бойынша да хабарласып сұрап білейік.

Жүргізуші куәлігінің бағасы әр қалада әртүрлі. 80 мыңнан бастап жарты млн-ға дейін барады. Заңсыздыққа Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының да қатысы бар. Антикор қызметі соңғы 3 жылда 60 мыңдай деректі анықтап, 18 қылмыстық іс қозғаған. Ішкі істер министрлігі құжатты заңсыз саудалағандар да, оны сатып алғандар да жауапқа тартылады деп ескертті. Айыппұл төлеп қана қоймай, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жеңіс Жақсылықов , ҚР ІІМ Тергеу департаментінің Аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы:

Жасаған адамға 2 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылса, жалған құжатты пайдаланған адамдарға 40 тәулікке дейін қамаққа алынады. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде тарап жатқан жарнамалардың көбісі жалған ақпарат болып келеді. Яғни, қазіргі таңда тарап жатқан алаяқтықтың бір түрі.

Ал жүргізушілер одағының өкілдері мұндай қылмыстың тамырына балта шабу үшін ең алдымен куәлікті заңсыз жолмен алушылар неге көп деген сұрақтың астарына үңілу керек дейді. Автомектепте оқудың міндеттелмеуі, емтихан сұрақтарының қолжетімсіздігі жемқорлыққа түрткі болған. Одан қалды сынақ тапсыруға арналған көліктер жетіспейді. Бар болғанның өзінде қайта-қайта істен шығады.

Амантай Досмұхамбетұлы, Қазақстан Жүргізушілер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы:

Енді мына масқараны қараңыз? Мерке, Шудан 400 км қалаға келіп тапсырады. Анау Балқаш бар, Жезқазған бар Қарағандыға, Саксауыл деген ауыл бар. Олар Қызылордаға. Шалқардан Ақтөбеге. Елдерді сандалтып қойды. Барған күннің өзінде әр автоцонда бір ғана машина. 400 км жүрген адам не істейді? Кері қайтуы керек па? Әлде басқа амал іздей ма?

Жүргізуші куәлігін кім көрінгеннің сатып ала беруі үлкен қауіпке апаратын жағдай. Автомектепке бармаған, қарапайым жол ережесінен бейхабар адамның кесірінен талай отбасы қара жамылуы мүмкін. Елде әр үш сағат сайын жол апатынан 1 адам қайтыс болатынын ескерсек, бұл – бүгінгінің өзекті мәселесі.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу