Зілзала аумағында білікті мамандар жұмыс істеуі керек – ҚР СІМ ресми өкілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зілзала аумағында білікті мамандар жұмыс істеуі керек – ҚР СІМ ресми өкілі

08.02.2023

Ағайынның алыс-жақыны басыңа іс түскенде білінер. Бауырлас елдегі апат қалың қазақтың қабырғасын қайыстырғаны рас. Зілзала туралы ақпарат тараған бетте Қазақстан билігі бірден қол ұшын созуға бейілді екенін аңғартты. Президент тапсырмасымен шұғыл көмек үшін 1 млн доллар бөлінді. Құтқарушыларымыздың екі бірдей легі Анадолы жеріне аттанып, жұмысқа кірісіп те кетті.

Үйінді астында біреу болуы мүмкін. Иісшіл ит белгі беріп жатыр. Адам мен техниканың әлеуеті жетпейтін тұста арнайы дайындықтан өткен иттердің көмегі көп. Қазақстаннан барған құтқарушылар қатарында төрт аяқтылар да бар. Олар ең күрделі деген аумақтарда құтқару операцияларын жүргізіп жатыр.

Кеше ғана бой түзеп тұрған зәулім ғимараттар бүгін үйіндіге айналған. Қалың тас пен топырақтың арасында тірі жандар жатуы әбден мүмкін. Қазақстандық құтқарушылар 9 қабатты үйдің қирандысынан бір әйелді аман-есен алып шықты. Жергілікті тұрғындар болса, ата жұрттан келген көмек еңсесі түскен халыққа үлкен қолдау болғанын айтады.

Мехмет Йылдырым, тұрғын:

Қазақстаннан құтқарушылардың келгенін естіп, қуандық. Қиын сәтте ағайын елдің қолдау танытқаны маңызды. Сол үшін қазақ халқына алғыс білдіремін. Иә, түрік жұртына қол ұшын созуға әр елдің құтқарушылары ағылып жатыр. Қазақстаннан мамандар келіп, жұмысқа кірісіп кетті. Көмекке баруға ынта танытқан қарапайым қазақстандықтардың да қатары көп.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Біздің азаматтарымыз хабарласып, Түркияға барып көмектесуге деген ниеттерін білдірді. Зілзала аумағында тек мамандар жұмыс істеуі керек. Әрине, бұл зілзаланың салдарынан көптеген шығын шығып жатыр. Сондықтан түрік тарапы қаражат түрінде ғана көмектессеңіздер деп ниет білдіріп жатыр.

Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлді. Сонымен қатар Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр. Бұдан бөлек білікті дәрігерлерден құрылған арнайы бригада әзірленді. Түркия тарапынан сұраныс туындаған жағдайда 125 медицина маманы жолға шығуға сақадай-сай дайын тұр.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу