Түркия мен Сирияда зілзала құрбандарының саны 5 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия мен Сирияда зілзала құрбандарының саны 5 мыңнан асты

07.02.2023

Соңғы мәліметтерге сай, Түркия мен Сирияда зілзаладан қаза тапқандар саны 5 мыңға жуықтады. Ақпарат сәт сайын жаңарып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрбандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтты. Іздеу-құтқару жұмыстары күні-түні жалғасып жатыр. Алайда жаңбыр мен қар құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Түркия билігінің мәліметінше, құрбан болғандар саны 3400-ден асқан. 20 мыңнан астам адам жараланды. Кеше болған 7,8 балдық зілзаладан 6 мыңға жуық ғимарат құлаған. Бірнеше сағаттан кейін болған екінші жер сілкінісі жағдайды одан әрі қиындатты. Тағы 40 шақты кішігірім дүмпу болған. Бүгін де елдің орталығында 5,5 балдық зілзала тіркелді. Трагедияға байланысты елде 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Ел аумағында мемлекеттік тулар ақпанның 12-не дейін жартылай төмен түсірілді. 

Орхан Сахин, жергілікті тұрғын:
Үйіміз қирады, ішіне кіре алмаймыз. Таңертеңнен бері нәр татпадық. Балаларымыз аш. Алла бәрімізді сақтасын.
Хулуси Ибрахим, жергілікті тұрғын:
Мұны ақырзаманға теңедім. Кенеттен үстімізге ғимарат құлады. Сол кезде әйелім қасымда болған еді. Ол үйінді астында қалып қойды. Ұзақ уақыт бойы хабарсыз болды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу