Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл

05.02.2023

Қазіргі геосаяси ахуал газ, мұнай тасымалы бойынша дәстүрлі бағыттардан бас тартуға итермелеп отырғаны белгілі. Былтырдан бері Транскаспий немесе «Орта дәліз» деп аталып кеткен жаңа маршрут Қазақстанға деген Еуропаның қызығушылығын арттырды. Өйткені Батыс үшін «Орта дәліз» - «Жаһандық дәліз» жобасының бір бөлшегі. Ал шығыс пен батысты байланыстырып отырған Қазақстан транзиттен табыс тапқысы келеді. Бұл бағыттың рөлін былтыр күзде Астанаға ресми сапармен келген Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишель де атап өткен еді. Одан кейін де қос тараптың өкілдері түрлі деңгейде келіссөздер жүргізіп, кездесулер өткізіп келеді.

Өткен жылдың қараша айында Қазақстан мен Еуропалық Одақ стратегиялық әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Мысырда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі саммитте Қазақстан премьері Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутек өндіру бойынша бірлесе жұмыс істеуге келіскен еді. Осы аптада да Қазақстан мен Еуроодақтың әріптестікті нығайтуға ниетті екені жиі айтылды. Себеп: дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы. Еуропа астанасы Брюссельдегі тілшіміз Нұрсұлу Қасым диалогтың ары қарай қалай өрбитінін сарапшылардан сұрап білді. 

 Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қазақстан үшін Еуропалық Одақ саяси һәм экономикалық әріптестің бірі. Ал Қазақстан – біріккен Еуропаның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. Ұйыммен дипломатиялық байланыс орнатқан 30 жыл ішінде екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 38 млрд долларды құрады. Қос тарап мұны көбейтуге, ынтымақты кеңейтуге мүдделі.

Қарт құрлық елдері қазақстандық шикізатқа, энергоресурстарға тәуелді. Бір ғана мысал, Еуропадағы ұшақтарды жасауға пайдаланылатын титанның 50 пайызы бізден алынады. Германия мен Австрияда жанар-жағар майдың әрбір үшінші литрі қазақстандық мұнайдан өндірілген. Геосаяси ахуал ушыққалы Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерімен, әсіресе, Қазақстанмен қатынасты жаңа деңгейге көтеруге күш салып отыр. Қазақстан-аймақтың көшбасшысы, әрі Азия мен Еуропаға тауар тасымалдау жолындағы басты транзиттік мемлекет. Осы әлеуетті пайдаланудың жолдарын талқылау мақсатында былтыр қазанда Президент Қ.Тоқаевтың шақыртуымен Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишель елімізге ресми сапармен келді. Араға бір ай салып елордаға Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель ат басын бұрды. Жоғарғы өкіл Ақордада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевпен келіссөз жүргізді.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула Фон Дер Ляйен биыл Қазақстанға сапарлап, шикізат материалдары, батареялар мен «жасыл» сутектің құн тізбектері саласындағы стратегиялық әріптестік туралы былтыр Премьер-министр Смайыловпен қол қойған меморандумды жүзеге асыруға бағытталған жол картасын бекітеді деп күтілуде. Қазақстан Еуропа нарығына 8-9 пайыз мұнай тасымалдап отырған ең маңызды энергоресурс жеткізушілердің бірі. Енді жасыл сутегі, энергияның жасыл көздеріне үлкен мән берілетін болады.

Көмірсутектен бас тартып, жасыл энергияны дамытуды көздеген Еуропа елдері сирек кездесетін металл кеніне зәру. Оларға қажетті 30 металлдың 25-і қазақ жерінде бар. Қос тарап енді геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тартып, Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашпақ.

Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы өкілдігінің басшысы:

Бүгінде, әрине жаңа бағыттар бар. Жасыл экономика, цифровизация бағыты бар. Еуропалық серіктестермен транспорт, транзит мәселелерін толық талқылауға дайынбыз.

Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, Шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары:

Геосаяси өзгерістерге байланысты Азиядан Еуропаға тауар тасымалдау үшін «Орталық дәліздің» маңыздылығы артты. Қазақстан осы көлік дәлізін дамытуға белсенді кірісті. Бұл жоба инфрақұрылымды, кеден процесін цифрландыруды қажет етеді. Сол үшін біз спутниктік байланысты қаржыландырамыз.

Құқықтық, заңдық тұрғыдан тәжірибе алмасу үшін «Қазақстан-Еуропалық Одақ» парламентаралық достық тобы құрылған.

Рышард Чарнецкий, «Қазақстан-Еуропалық Одақ» Достық тобының жетекшісі, Еуропалық парламент депутаты:

Біз Қазақстанмен экономикалық, саяси қарым-қатынасты арттыруға мүдделіміз. Қазақстан тұрақтылықтың, дамудың, алға қарай ілгерілеудің керемет үлгісін көрсете алған мемлекет.

Қазақстан – Еуроодақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Жалпы, 30 жыл ішінде Еуропа кәсіпкерлері қазақ экономикасына 160 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Әлі де құя бермек ниетте. Қос тарап жақында Бельгияның бас қаласы, Еуропаның астанасы Брюссельден Астанаға қатынайтын тікелей әуе рейсін ашуды көздеп отыр.


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу