Францияның ішкі істер министрлігі көші-қон ережелерін өзгерту ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияның ішкі істер министрлігі көші-қон ережелерін өзгерту ұсынды

03.02.2023

Франция көші-қон саясатын жетілдіруге бет бұрды. Оған сай, елде қылмыс жасаған шетелдіктерді отанына қайтару мерзімі қысқартылмақ. Жұмыс күші жетпей жатқан салаларға мигранттарды тартуға басымдық берілген. Заң қабылданса, Францияда тұрғысы келетін шетелдіктер француз тілінен емтихан тапсыруға міндетті болмақ.

Францияның ішкі істер министрлігі көші-қон заңын жетілдіру жобасын ұсынды. Ол мақұлданса, заңсыз мигранттарды отанына қайтару тездетіледі. Керісінше, жұмыс күші жетпей жатқан салаларда қызмет ететін шетелдіктердің Францияда тұруға рұқсат алуы жеңілдемек.

Жеральд Дарманин, Франция ішкі істер министрі:

Бұл миграцияны қолдау не қарсы шығу дегенді білдірмейді. Заң бұл саланы реттеуге бағытталған.

Жаңа ереже 21-жастағы Ибрахим тәрізді мигранттардың арманының орындалуына мүмкіндік бермек. Ол Малиден Францияға жақсы өмір іздеп барған. Ұзақ уақыт бойы осы елде даяшы болып жұмыс істеп жүр. Айта кетсек, Францияда мейрамхана секторында 350 мыңдай жұмысшы жетіспейді.

Ибрахим Ибрахима, мигрант:

Мен француз болғым келеді. Француз тілінде сөйлеймін. Осында тұратын адамдар сияқты өмір сүремін. Бұған лайықпын.
Көші-қон заңына қарсылар да бар. Олардың пікірінше, жаңа ережені қабылдау мигранттарға қосымша канал ашқанмен бірдей. Соңғы дерекке қарағанда, былтыр кәрі құрлықта босқын мәртебесін алуға өтініш берушілер саны 60 пайызға артқан.


Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу