Президент жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоғын қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоғын қойды

03.02.2023

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоғын қойып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Шындықтың шырақшысы атанған Шерағаның ел үшін сіңірген ерекше еңбегін атап өтті. Әрі алдағы сайлау жайлы сөз қозғап, оның маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үміттенемін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік.

Мемлекет басшысы Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновация институтына барды. Біраз бұрын мұнда 500 орындық студенттер үйі пайдалануға берілген. Президент бөлмелерді аралап көріп, жастардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Былтыр шәкіртақы біршама көтерілгені белгілі. Ал грант саны 88 мыңнан асты. Жастарға қолдау арта береді деген Президент білім алудың маңызына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Білім деген өте маңызды Абайша айтқанда толық адам деген не? Бұл, ең алдымен білімді адам. Ойы ұшқыр сергек адам. Білімге деген ұмтылысын білдіретін адам. Білімге келгенде қанағат қылмау керек. Күн сайын білім алу керек. Әр жерде, әр салада. Сондықтан бәріңізге сәттілік тілеймін.


Хабарламаларға жазылу