«Ақ жол» партиясы кандидаттардың партиялық тізімін бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақ жол» партиясы кандидаттардың партиялық тізімін бекітті

01.02.2023

Елордада «Ақ жол» демократиялық партиясының ХХІ құрылтайы өтті. Жиында партияның саяси бағдарламасының жаңа нұсқасы қабылданып, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Сонымен қатар бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсынылды. Партия кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, Алашорданың зияткерлік мұрасына сүйене отырып, экономика мен қоғамдағы либералды қайта құруларды жақтап келеді. «Ақ жол» партиясы өз сайлаушыларының мүддесін қорғап, Жаңа және Әділ Қазақстанды құруға лайықты үлес қосу дайын, деді төраға.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Біз прагматикалық партия ретінде сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық, экономика мен саясаттағы монополиядан басталатын ескі олқылықтардың, қоғамның барлық салаларын дендеп алғанын көріп отырмыз. Олар өздігінен жойылмайды. Бұл тұрақты күш-жігерді талап етеді. Сондықтан «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасы ерекше өзекті. Түбегейлі өзгерістер қажет.

Құрылтайға аймақтардан 160-тан астам делегат қатысты. Жиында партия атынан Мәжілістің 7-ші шақырылымының депутаты болған Берік Дүйсембинов төменгі палатада саяси құрылым бастамасымен жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталды. 2021-2022 жылдары түрлі саладағы өткір мәселелерге қатысты Мәжілісте 190-ға жуық депуттаттық сауал жолданған. Партия тарапынан заңдар мен құжаттарға тиісті мыңға жуық өзгерістер ұсынылса, олардың 500-ге жуығы мақұлданды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу