Президент: Қаланың келбеті көңіл көншітпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Қаланың келбеті көңіл көншітпейді

31.01.2023

Астананың келбетін сақтап қалуымыз керек. Президент ол үшін қалада әлемнің ең үздік сәулет үлгілері қолданылу шарт, деді. Бұған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленген. Бірақ құжат қағаз жүзінде ғана қалған. Ширек ғасырдан бері бас қала статусына ие болған қаладағы ескі үйлердің мәселесі өзектілігін жоймаған. Толығырақ студиямен тікелей байланысқа шыққан әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтуға дайын.

Асылбек Данияр, тілші:
Мемлекет басшысының нұсқап көрсеткер жері осы көпке «Артем» деген атаумен таныс базар және сәл арыда тұрған «Тұлпар» сауда орталығы. Бұл жақты реттеуге әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс, деді Президент. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп екендігі де айтылды. Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалған. Есесіне тапсырылатын жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кетті. Қазір Астанадағы 200 үй тұруға жарамсыз. Мәселен, мұндағы Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы бар. Мемлекет басшысының айтуынша, 5 жылдың ішінде осы көшедегі ескі үйлердің небәрі 14 пайызы ғана бұзылған. Жұрт ғимараттардың тығыз салынып жатқанына наразы. Құрылысы тоқтап тұрған үйлер әлі де бар. Үлескерлердің шағымы да көп. Президенттің тағы бір тапсырмасы: Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу. Мұндай өткел, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет, дейді. Айтуынша, ЭКСПО аумағы да сұранып тұр. Қаңырап бос жатқан жерге оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Сондай-ақ қаланы абаттандыру жағы да ақсап тұр. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Тіпті, көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақытылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады, деді Мемлекет басшысы. Сондықтан, кирбанистика саласының мамандарымен, сәулетшілермен, тұрғындармен бірлесіп, тың, жаңа тәсілдерді қолдану қажеттігі айтылды. Астана әкіміне нақты бекітілген жоспармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек деген тапсырма берілді.


Хабарламаларға жазылу