Еңбек нарығында сұранысы аз мамандықтар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек нарығында сұранысы аз мамандықтар көбейген

28.01.2023

Еңбек нарығында сұранысы аз мамандықтар көбейген. Қолына диплом алғанымен, мүлде басқа салада еңбек етіп жүрген жастар баршылық. Жұмыс берушілер мен жоғары оқу орындары арасындағы байланыстың уақыт өткен сайын нығайып келе жатқаны рас. Әйтсе де, кей кәсіп түрлерін игерген мамандар бірқатар басымдыққа ие. Мәселені шешудің жолын іздеген азаматтардың бұған қатысты өз ұсыныстары да жоқ емес.

Әділ Нұркебаевтың мамандығы заңгер. Былтыр университет бітіріп, дипломын алған. Алайда, жұмыс берушілердің ұсынған жалақысы жас жігіттің ең негізгі қажеттіліктерін өтеуге де жетпепті. Өзім оқыған топтағы 30 түлектің арасынан тек үшеуі ғана мамандық бойынша жұмыс тапты, дейді ол.

Әділ Нұркебаев, заңгер:

Қазір менің тұрақты жұмысым жоқ. Компьютерлерді жөндеумен айналысамын. Негізгі табыс көзі осы. Мамандық бойынша жұмыс істемеймін.

Қолында дипломы бар, алайда алған білімін кәдеге жарата алмай жүрген Әділ секілді қаншама жас бар. Елде 30 ға тарта университет заңгер мамандарды даярлайды. Ал, қала құрылысы саласы бойынша білім алған түлектердің 30, ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқығандардың 20 пайыздайы ғана өз кәсібі бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұдан жас маманға да, қоғамға да еш пайда жоқ. Жұмыс берушілер мен жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтудың нақты қадамдары жасалуы шарт.

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасы:

Бүгінгі күні көп жоғары оқу орындары заң мамандығы бойынша мамандарды даярлайды. Сол себептен де біздің мақсатымыз ең бірінші сапа. Жоғары оқу орындарына осы заң мамандарын даярлау үшін кәсіптік-біліктілік талаптарын күшейттік нотариус бойынша дайындай ма, немесе сот жүйесі бойынша дайындай ма, криминалистика бағыты бойынша дайындай ма сол бағытта жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс жасауы керек.

Соңғы төрт жылда нарықтағы кәсіп түрлерінің қайсына сұраныс жоғары немесе аз екенін анықтап көру үшін түрлі зерттеулер жасалып жатыр. Олар түлектердің лайықты мамандықты таңдауына, ал ата-аналардың өз баласына неғұрлым дұрыс бағыт беруіне оң септігін тигізеді. Яғни, рейтинг қортындылары мамандықтың берер мүмкіншіліктері мен алатын жалақы деңгейін алдын ала анықтап беруге көмектеседі. Талдаулардың нәтижесінде келешекте, еңбек нарығында сұраныс өте төмен мамандықтар бойынша білім беретін бағдарламалар өзгеріп, кейбірі тіпті жабылуы да мүмкін.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу