Жамбыл облысында табиғи апаттан шаруалар зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында табиғи апаттан шаруалар зардап шекті

25.01.2023

Жамбыл облысының Талас және Сарысу ауданында табиғи апаттан зардап шеккен шаруалар шығынды мемлекет есебінен өтеуді сұрап отыр. Естеріңізде болса, жыл басында болған қатты желден қора-қопсысы қирап, малы өлді. Сол кезде бұл өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдай да жарияланған. 

Жел ұрғанда плитка құлап, астында үш жылқы тұрған, үшеуін басып қалған. Екеуін сойып алдық. Біреуі көріп тұрғандарыңыздай арам өлді...

Қатты желден Қожағаппар ауылдық округінде 12 қожалық зардап шеккен. Әзірге кәсіпкерлердің қанша малы өлгені белгісіз. Олар қалдық материал емес, қаражат керек дейді.

Табиғи апат болған күні Жомарт Бекмырзаевтың да қорасы қираған. Дүлей дауыл ғимараттың шатырын да ұшырып әкетті. Сондай-ақ, күннен қуат алатын қондырғысы сынған. Қожалық иесі 3 млн теңгеге зардап шеккенін айтып отыр. Бірақ ол шығын мемлекет тарапынан өтелмейтінін естіпті.

Жомарт Бекмырзаев, жеке кәсіпкер:
Бөлінген нәрсені қалай бөлінді солай бермей ме. Ел қатарлы. Өзіміз істейтін болсақ, жағдайымыз жетпейді. Мен қазір 15-20 сиырымды сатсам, 3 миллион бола ма? Соны жабайын сосын не болады? Жетпеген соң шырылдап жатқанымыз.

Ал аудан билігі шаруалардың шағымы негізсіз дейді. Өйткені төтенше жағдайдың қаулысында жеке қожалықтарға қаржы бөлу туралы жазылмаған. Сондықтан, аудандық әкімдіктің шамасы оларға тек тұрғын үйден ұшқан шатырдың жарамдысын үлестіріп беруге жеткен. Ал облыс басшылығының мәліметі бойынша, Талас ауданында қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды. Енді 3 күн ішінде Сарысу ауданындағы істер де бітпек. Табиғи апаттан келген шығынның жалпы көлемі де есептеліпті.

Ерболат Ибрайханов, облыс әкімінің орынбасары:
Жаңа айтқанымыздай 344, 215 қосамыз 478 болатын болса, миллиард көлемінде қаржы шамамен алғанда. Ол жаңағы облыстық бюджеттен бөлінеді резервтен. Оған қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда оған қарамай мердігерлер өздерінің жұмысын бітіріп, істеп жатыр.

3-ші қаңтарда Жамбыл облысының кейбір жерінде жел секундына 49 метр жылдамдықпен соғып, салдарынан бүтін бір аудан жылусыз, жарықсыз қалған еді. Қаратау, Жаңатас қаласында 27 көпқабатты тұрғын үй мен 10 шақты әлеуметтік нысан зақымданған. Көптің күшімен дауыл салдарын жою жұмыстары қарқынды жүріп, тұрғындар бірнеше күннен кейін қалыпты өмірге оралған болатын.

Нұрдос Болатұлы

Хабарламаларға жазылу