Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу басталды

20.01.2023

Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы бір күнде өтеді. Оған қанша партия қатысатыны әлі нақты белгісіз.

Бүгіннен бастап кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу басталды. Оған 18 ақпанға дейін уақыт беріліп отыр. Одан кейінгі бір ай үгіт-насихат науқаны. Ал мәжілістегі ассамблеяға тиесілі 9 мандат енді болмайды. Олар сенатта отырады. Яғни, бұдан былай төменгі палатада 107 емес, 98 депутат. Оның 30 пайызы, яғни 29 депутат можаритарлық жүйеде сайланады. Демек, ешқандай партияда болмай-ақ, өзін-өзі ұсына алады. 69 депутат партиялық тізімдер бойынша қатысады. Бұл биылғы сайлаудың жаңашылдығы. Екі сайлауды бірге өткізу сайлаушылардың уақытын, мемлекеттің қаржысын үнемдейді. Осы саяси науқанға 33,4 млрд теңге бөлінеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаудан кейін парламентке халық таңдаған адамдар өтетініне сенім білдірді. Яғни алда мүлдем басқа парламент болады. Сонымен 8 шақырылым депутаттарын сайлау науқаны бүгіннен басталды. Ол үшін күнтізбе бекітіліп, комиссия тиісті қаулыны бекітті.

Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Кемінде бір палата тек халықтың тікелей дауыс беруімен құрылуы керек. Біздің конституциялық реформаның нақты шешкен мәселесінің бірі, мәжіліс толық, тікелей, жасырын дауыс беруіне байланысты құрылады. 


Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу