VII шақырылым: Мәжіліс 191 заң жобасын қарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

VII шақырылым: Мәжіліс 191 заң жобасын қарады

19.01.2023

Жалпы VII шақырылымдағы Мәжіліс жұмысында 264 заң жобасы болды. Оның 50-і депутаттар жұмысқа кірісер алдында палатаның қарауында жатқан. Жетінші шақырылым кезінде 56 заң жобасы депутаттардың бастамасымен қолға алынды. Нәтижесінде 191 заң жобасы қаралды. Мақұлданды. Сенатқа жолданды. Осы шақырылымда қандай маңызды құжаттар қабылданып, олар қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етті?

VII шақырылымда қабылданған ең маңызды құжаттардың бірі – Жер туралы заң. 2021 жылы 25 ақпанда Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында осы заңды әзірлеуге бастамашы болды. Құжатқа сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және шетелдік кәсіпорындарға сатуға, жалға беруге тыйым салынды. Сонымен қатар, көптеген даулар мен түрлі алыпсатарлықты тоқтатуға мүмкіндік туды.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты:
Өткен жылғы қабылданған заңдардың ішіндегі ең өзектілерінің бірі – осы заң деп ойлаймын. Ол редакцияға байланысты әрбір ауылдың 5-10 км периметріндегі жердің барлығы сол ауылдың халқының жалпылама пайдалануында болу керек. Бұл жердегі ең негізгі мәселе – халыққа қолайлылық жасау.

Мәжіліс қабырғасында қабылданған заңдар түрлі саланы қамтиды. Әр құжат тиісті комитеттерде талқыланып, жалпы отырыстарға шығарылды.

VII шақырылымдағы Мәжіліс жұмысында барлығы 264 заң жобасы болды. 191 заң жобасы қаралып, мақұлданды. Сенатқа жолданды. Осы кезеңде Парламент 191 құжатты қабылдады. Президент 188 заңға қол қойды.

Мысалы, Жол қозғалысына қатысты құжат қабылданды. Нәтижесінде, азаматтардың жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу құжатын өздерімен алып жүруі міндетті болмай қалды. Жол сақшылары оларды электрондық базадан тексере алатын мүмкіндікке ие болды. Мәжілістің бастамасымен криптовалюта айналымына және криптобиржалардың қызметіне тыйым салынады. Бұл «Цифрлық активтер туралы» заңмен реттеледі. Қаржылық пирамида мен интернет алаяқтарының жолын кесуге күш салынды.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты:
Қазірдің өзінде 31 мыңға тарта қаржылық, мүліктік жапа шеккен адам көп. Оларға келтірілген қаржылық залал 54 млрд. Қоғамда рөлі бар, пікір қалыптастыра алатын вайнердердің ісіне қатысты мәселелер көтерілді Негізі жоқ, жалған ақпарат таратқан азаматтарға жарнамалау мүмкіндігін шектеу деген мәселе қабылданды. Олардың жауапкершілігі күшейтілді.

Мәжіліс қабылдаған заңдар аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау тетіктері жетілдірілді. Құжатқа сәйкес, ерекше балалары бар отбасылар, бала кәмелеттік жасқа толған соң да баспана кезегін сақтап қалатын болды. Бұл нормаға 20 мың отбасы ілікті. Қоғамды толғандырған банкроттық туралы заң да осы шақырылымда мақұлданды. Айта кетерлігі, Парламент палаталарының регламентіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді заңдарды Сенат қарайды, Мәжіліс мақұлдайды.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу