Президент мәлімдемесі: Мәжіліс сайлауы 19 наурызда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент мәлімдемесі: Мәжіліс сайлауы 19 наурызда өтеді

19.01.2023

Бүгінгі күннің басты жаңалығы Мәжіліс таратылып, мәслихат депутаттарының өкілеттігі тоқтатылды. Палата төрағаларымен және үкімет басшысымен кеңесе келе Мемлекет басшысы осындай шешім қабылдады. Дегенмен де, бұл күтпеген жаңалық болды деп айтуға келмес. Себебі науқанның көктемде болатынын Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылы күзде жасаған жолдауында айтқан еді. Президент бүгін арнайы мәлімдеме жариялап, алдағы сайлау мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі екеніне тоқталды. 

2022 жыл еліміздің жылнамасында намыспен басталып, табыспен аяқталған, тарихымыздағы бетбұрыс кезеңі болып қалары сөзсіз. Ауқымды реформа жүзеге асты, ата заңға өзгеріс енгізіліп, оны халық қолдады. Саяси жүйе толықтай өзгеруге бет бұрды. Бірінші қыркүйектегі жолдауында Президент Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы өтетінін алдын-ала айтты. Яғни, саясаттың қазанында қайнап жүргендерге 6 айдан аса уақыт берілді. Тәуелсіздік жылдары партиялар мен үміткерлерге әзірлік үшін осыншама көп уақыт берілген емес деді, Мемлекет басшысы.     

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Әлқиссасы әлдеқашан айтылған сайлаудың нақты уақыты бүгін белгіленді. Бұл жолғы саяси аламан жаңа тәртіп бойынша өтеді.

Яғни Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы тікелей сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауы да аралас үлгімен өтеді. Ал аудан- қалалардағы мәслихат депутаттары толығымен тікелей сайланады. Осылайша ел арасында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Президенттің сөзінше алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды екенін атап өтті. Ал, сайлаудан кейін Үкіметтің жаңа құрамы жасақталады. Осылайша еліміздегі саяси жүйе толықтай жаңғырып, жаңарады.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу