Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары кезінде 9 құжатқа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары кезінде 9 құжатқа қол қойды

17.01.2023

Қазақстан Президентінің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары кезінде 9 құжатқа қол қойылды. Тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы секілді салаларда екіжақты байланысты нығайтуға уағдаласты. Таяу шығыстағы бұл мемлекет Қазақстанмен саяси-экономикалық қатынасты кеңейтуге ниетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі Біріккен Араб Әмірліктері президентінің «Әл-Уатан» сарайында өтті. Қазақстан Президентінің құрметіне 21 рет зеңбіректен оқ атылып, Қазақстанның Әнұраны орындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қаңтардан кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне екінші рет ресми сапармен келіп отыр. Сонымен бірге былтыр оның мамыр айында шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты көңіл айту үшін Әмірліктерге келгені есте. Ауыр жағдайда арнайы келіп, жеке қолдау көрсеткен қазақ басшысына Әмірлік тарапы сол кезде ризашылығын білдіргенін білеміз. БАӘ үшін де Қазақстан Президентінің бұл сапары аса маңызды. Өйткені Әбу-Даби Астанамен тығыз қарым-қатынасы арқылы Орталық Азиядағы ықпалын кеңейтуді көздейді. Әсіресе, соңғы жылдары Орталық Азияның халықаралық мәселелер жиі қаралатын маңызды алаңға айналғанын айта кетейік. Қазақстан Президентінің шетелге алғашқы ресми сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастауы да тегін емес. Еліміз Парсы шығанағының көлік-логистикалық инфрақұрылымына қосылуға мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл келісімдер екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп ойлаймын. Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Әсіресе, елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосты. Бұл – шынайы достықтың айқын көрінісі.

Дүние жүзінде қазіргі геосаяси, геоэкономикалық жағдай салдарынан көлік-логистикалық жүйенің біртіндеп ыдырап бара жатқанын байқап отырмыз. Алып державалар арасындағы санкцияның салқыны Қазақстанды айналып өтпейтіні белгілі. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев байланысқа тың серпін беру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдеріміз арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Осы кезеңде түрлі саладағы ынтымақтастық нығая түсті, екі ел арасында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнады. Екі елдің қарым-қатынасында түрлі салада жетістіктер аз емес. Дегенмен екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді.

Иә, серіктестікке серпін беруге Әмірліктер қарсы емес. Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстанмен саяси және экономикалық байланысты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, шейх, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті:
Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын.

Екі елдің халықаралық деңгейде қарым-қатынасы тұрақты. Мысалы, Қазақстан Ислам әріптестік ұйымына кірсе, Қазақстанның бастамасымен ашылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Біріккен Араб Әмірліктері мүше. Арадағы сауда айналымы былтыр 610 млн доллардан асты. Инвестицияның үлесі 43 пайызға жетті.

Риззат Елубаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен инвестиция тарту бойынша әл-ауқаты зор. Мұны әмірліктер біліп отыр. Бір-біріне көмек көрсету де қамтылған. Мысалы, пандемия кезінде БАӘ тарапынан 100 мың тонна медқұрылғылар берілген. Өткен жылы Қостанайдағы өрт кезінде 1 млн доллар көмек көрсетілген болатын.

Бұл тек саяси-экономикалық қатынас тұрғысынан ғана емес, достық байланыстың да берік орнағанын көрсетті. Шикізат қоры бойынша Таяу шығыстағы бұл мемлекет әлемдегі алтыншы ірі өндіруші. ОПЕК-тің де ірі ойыншысы. Қазақстаннан екі есе көп мұнай-газ шығарады. Қазір өндірісті 4 млн баррельге жеткізді. Сарапшылар шикізатты өзге бағыттар арқылы экспорттауға Әмірліктердің әдісі үлгі бола алады деп есептейді.

Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласының сарапшысы:
Келісімнің маңызы өте зор деп ойлаймын. Себебі 2022 жыл Қазақстан үшін өзгеріс жылы болды. Диверсификацияның маңызын көрсетті. Біздің мұнай, газ, уранымызды тек ғана бір бағыт емес, басқа да бағыттар арқылы шығарудың жолдарын іздестіруді бастатты. Соны да бәлкім көрген болар, инвесторлар қызығушылық танытып отыр.

Ресми сапар аясында тоғыз құжатқа қол қойылды. Энергетика, инвестиция, денсаулық сақтау салаларымен қатар бастысы бұл кездесуде тараптар Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын дамытуға келісті. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ және «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ төрағасы:
Бұл келісімге сәйкес, біздің екі компания арасында бірлескен кәсіпорын ашылатын болады. Негізінде осы жұмыстар басталды. Біз оны Астана халықаралық қаржы орталығында тіркейміз. Бірлесіп кеме флотын дамытатын боламыз.
Олжас Әбдіраманов, халықаралық қатынастар магистрі:
Экономикалық тұрғыдан ең маңыздысы біз өз өнімімізді барьерсіз экспорттайтын жаңа нарық табу. Қазақстанда жоғарғы сұрыпты ет шығаратын компания БАӘ-не 1,2 млн долларға келісімшартқа отырды. Тауар экспорттаймыз деп.

Сонымен бірге, екі мемлекет арасында қосалқы салықтан босату, инвесторларға қолайлы орта жасау мәселесі әлі де өзекті. Есте болса, былтыр Сенат Араб Әмірліктерімен Инвестицияны көтермелеу, өзара қорғау туралы келісімді ратификациялаған. Бұл не үшін қажет? Өйткені екі ел арасында былтыр 5 млрд долларға түрлі жобаны іске асыру міндеті қойылған еді. Айта кетейік, бұл сапар кезінде екі ел Президенті Бірлескен мәлімдеме жариялады. Сондай-ақ Абу-Дабиде Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері инвестициялық жиыны өтті.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу