Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты «Әл-Уатан» сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Президенттің құрметіне 21 рет зеңбіректен оқ атылып, Қазақстанның әнұраны орындалды.
Қасым Жомарт Тоқаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бір-біріне ілтипат білдіріп, Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Содан кейін Мемлекеттер басшылары екі елдің ресми делегация мүшелерін таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Кеше Президент «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитіне қатысып, жасыл энергетиканы дамытуға қатысты Қазақстанның жоспары мен алдағы ортақ міндеттер туралы айтқанын еске саламыз. Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның таяу шығыстағы ірі сауда-экономикалық серіктесі. Бұдан былай Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бірлесіп, Каспийде теңіз бен порт инфрақұрылымын дамытады. Бұл туралы осы сапар кезінде белгілі болды.
Тараптар бүгін де түрлі бағытта бірқатар келісімге келуі мүмкін. Сонымен бірге Абу-Дабиде Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері инвестициялық жиыны өтеді.