Сенат сайлауы: ОСК сайлау қорытындысын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат сайлауы: ОСК сайлау қорытындысын жариялады

16.01.2023

Парламент сенатына жаңадан 20 депутат қосылды. Орталық сайлау комиссиясы бүгін сайлау нәтижесін жариялады. Еске салайық, өткен сенбі күні, яғни 14-ші қаңтарда елде Сенат депутаттарының сайлауы өткен болатын.

Сенат сайлауында бір мандатқа 6 үміткерден келді. Жалпы, 130 кандидат ниет білдірген. Тіркеуден өтіп, дауысқа түскені – 55. Дені өзін-өзі ұсынған.

Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Бұл қазіргі уақытта қоғамда саясатқа белсене қатысуға деген құлшыныс артып отырғанын білдіреді. Сайлауға 3167 дауыс берушінің 91,7%-ы қатысты. Барлық дауыс беруші «Барлығына қарсы» бағанасын пайдалана алды.
Сонымен әр өңірден 1 өкілден 20 сенатор сайланды. Жаңа құрамда үш әйел бар. 4 депутат қайта сайланды. Олар: Алматы, Жетісу, Ұлытау облысы мен Шымкент қаласынан. Облыстық мәслихаттың 5 хатшысы, облыс әкімінің 4 орынбасары және екі аудан әкімі, мемлекеттік органның екі қызметкері, оқу орнының басшысы бар. Депутаттардың орташа жасы 53. Сайланған сенаторлардың бәрі - қазақ.

Сабила Мұстафина, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Сенат сайлауына 369 млн теңге бөлінді. Оның ішінде әр кандидатқа 550 мың теңге кандидаттық расходтарына берілді.
Сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысын жинағандар осылайша сенаторлар қатарына қосылды. Ал сайлау күні ел аумағында ешқандай заңбұзушылықтар тіркелмеген.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу