Ресейде тұратын қандастар үшін жаңа сауат ашу кітабы шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде тұратын қандастар үшін жаңа сауат ашу кітабы шығарылды

14.01.2023

Ресейде тұратын қандастар үшін жаңа сауат ашу кітабы шығарылды. Қазақ тілі оқулығы мен оны оқыту жайы бұған дейін күрделі мәселе еді. Енді түйіткілдің түйіні тарқайды деген сенім бар. Қазақстанға көршілес орналасқан Астрахань облысында ұлттық құндылықтардың насихатталуы қалай?

Астрахань облысында 150 мыңға жуық қазақ өмір сүреді. Олардың айтуынша, соңғы кезде мектеп бағдарламасынан қазақ тілі пәніне берілетін сағат қысқартылған. Бұдан бөлек, рухани азық болар көркем әдебиеттер тапшы. Сауат ашу кітаптары әбден тозған. Қазір 15 мектепте ғана қазақ тілі тек факультатив ретінде оқытылады.

Равиль Арықбаев, «Жолдастық» қазақ мәдени қоғамдастығының төрағасы:

Қазір бізде Қазақ тілін оқытатын 15 шақты мұғалім бар. Бұл бүтін бір облысқа аздық етеді. Тіл білгеннің бәрі бірдей дәріс бере алмайды.Оған дипломы бар маман керек қой. Кадр мәселесін шешу үшін жұмыстанамыз.

Ал, бұл ғасырға жуық тарихы бар Астрахань техникалық университетіндегі қазақ аудиториясы. Ашылғанына 20 жылдан асты. Мұнда тіл үйретіледі. Әрі жастарға ұлттық құндылықтарымыз жан-жақты насихатталады.

Егор Угаров, Астрахань облысының білім және ғылым министрі:

Астраханьда қазір 1000-ға жуық қазақстандық студент бар. «Қазақ тілі» аудиториясы әуел баста тектен-тек ашылған жоқ. Біз екі елдің жастарын рухани ортада тоғыстыруды мақсат еттік. Қазір орталық табысты жұмыс істеп тұр. Онда өзге ұлттың жастары да барады.

Тіл мәртебесін көтеру – күн тәртібінде тұрған маңызды шаруа және осы бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, Алтайдағы қазақ тілі ұйымы білім мекемелеріне арнап оқулықтар шығарды. Дайын тұр. Биыл кітаптың 70 шақты жиынтығын алдырту жоспарланып отыр. Оның игілігін бастауыш сынып балғындары көреді. Оқулыққа Ресейдегі өзге де облыстар қызығушылық білдірген.

Ардақ Мәдиев, Қазақстанның Астрахань қаласындағы бас консулы:

Бұл оқулықтар Ресей заңнамасына сәйкес жасалған және күнделікті қазақ тілін оқытуға рұқсат берілген. Бюрократиялық кедергілері бар. Оның бәрін жәй-жәйдан алынады деп сенімдімін. Қазіргі таңда сол жұмыс атқарылып жатыр.

Жаңа әдістемеге негізделген қазақ тілі оқулықтары жеткізілгенде мектептерге таратылады. Кейін, сұранысқа қарай қосымша сыныптар ашу көзделген. Әрі, биыл Бас консулдық астраханьдағы қазақ балаларының арасында тоғызқұмалақтан сайыс өткізуді жоспарлап отыр. Жеңімпаз болғандарын еліміздегі «Балдаурен» лагеріне жіберу жағы қарастырылып жатыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу