Қызылордада бірнеше елдімекен жол азабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада бірнеше елдімекен жол азабын тартып отыр

13.01.2023

Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы бірнеше елдімекеннің орталыққа қатынауы қиындады. Себебі Сырдарияда сең жүріп, өзендегі қалқымалы көпірлерді алып тастады. 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Мынау Жуантөбе ауылына баратын жалғыз жол. Дариядан өтетін қалқымалы көпір алынғалы бүтін бір елді мекеннің аудан орталығымен қатынасы үзілді. Жалпы өзеннен сең жүргелі дарияның арғы бетіндегі бірнеше елді мекен жол азабын тартып отыр.
Биыл Сырдария асау мінез танытып тұр. Тіпті өзен арнасынан тасып, мол су былтыр ғана салынған автожолдың үстіне жайылып кеткен. Қазіргі таңда елдімекенге баруға мүмкіндік жоқ. Тұрғындармен тек телефон арқылы ғана байланыс бар.

Мейірбек Жолдасбек, Жөлек ауылдық округінің әкімі:

Толық өздерінің азық-түлігін алуына және дәрі-дәрмектерін, май-суын алып алуына хабарланып, екі күн күтіліп, екі күннен кейін көпір алынды. Ол ауылда ұялы телефон байланысы ұстайды. Сол байланыстамыз.
Бұланбай ауылы үшін де Шиеліге баратын 40 шақырымдық төте жол жабылды. Енді тұрғындар ол жаққа көршілес Жаңақорған ауданы арқылы, 3 есе ұзақ жолмен қатынауға мәжбүр.

Күлпаш Бәкірова, Бұланбай ауылының тұрғыны:

Байкенженің жолы анау. Көлік те жүре алмайды. Барған көліктеріміз қирап қалып жатыр, шындығын айтқанда. Өзімнің мысалы келінім бар. Есепте тұрады қан қысымымен. Енді соны тілеуін тілеп ұстап отырмыз. Қарап отырмыз егер бір жағдай болып қалса, ол жаққа жеткізудің өзі қиын боп тұр ғой.

Жалпы елдімекенде күрмеуі қиын мәселе көп. Клуб, пошта, медициналық бекет ғимараты ескіріп, тозығы жетіп тұр. Әйтеуір биыл көптің талап-тілегімен жаңа амбулаториялық бекет құрылысы басталады екен. Ал өзендегі қалқымалы көпір сең жүріп өткеннен кейін қайта орнатылады.

Қайрат Барманқұлов, Қарғалы ауылдық округінің әкімі:

Қоғамдық көлік ауылдан азанда 8:00-де шығып, Шиеліге барып, кешкі сағат 16:00-де осы Қарғалыға қарай қатынайды. Тұрғындар қазір сонымен қатынап жатыр. Жедел жәрдем көлігі биыл егер ауданға бөлініп жатса, бізге бір көлік беруге қазір келісіп отырмыз.
Дарияның арғы бетіндегі ауылдармен орталықты байланыстыратын жаңа көпір салу керек. Ол үшін биыл жобаның техникалық-экономикалық құжаты дайындалады, - дейді салаға жауаптылар. Әлі қағазға да суреті түспеген көпір өзен үстінде пайда болғанша бірнеше жыл керек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу