Ұлыбритания ауруханаларында бос орын жоқ. Сырқаттар палатаға сыймай дәлізде жатыр. Жедел жәрдем көліктері науқастарды жатқыза алмай сыртта кезек күтіп тұр.
75 жылдан бері тегін медициналық көмек көрсетіп келген Ұлттық денсаулық сақтау қызметі құлдырауда. Бәріне 40 жылда болмаған инфляция себеп. Жалақыларына қанағаттанбаған медицина қызметкерлері жұмыс орындарын тастап, қайта-қайта ереуілге шығып жатыр. Оған қоса ковид пен тұмау ауруы өршіп, салаға салмақ салды.
Омар Нафуси, дәрігер:
Бұл біз үшін маусымдық аурулар өршитін жылдың ең қиын мезгілі болатын. Енді оған ереуілдер қосылды. Уақыт өткен сайын жағдай күрделене түсуде. Мәселе оң шешімін табуы керек.
Оппозициядағылардың пікірінше, Премьер-министр Риши Сунак қараша халықтың мұң-мұқтажынан алшақ. Бір ғана мысал: осы уақытқа дейін саясаткер мемлекеттік емес ақылы медициналық қызметке жүгініп келген. Оның өзін үкімет басшысы бірнеше аптадан кейін әрең дегенде мойындады.
Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:
Мен мемлекеттік емханаға тіркелдім. Бұрын ақылы қызметті пайдаланып келгенім рас. Өз басым қарапайым дәрігелер отбасынан шыққанымды мақтан тұтамын. Сондықтан салаға көбірек мән беруге атсалысамын.
Өткен жылы Ұлыбританияда 650 мыңнан астам кісі өлімі тіркелді. Бұл пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Бұған селқостық танытқан үкімет кінәлі, дейді мамандар. Сарапшылардың пікірінше, биыл саладағы дағдарыс нәтижесінде апта сайын 500 адам қайтыс болуы мүмкін.
Марина Бекенова