Биыл бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өсті

10.01.2023

Биыл жалақысы көбейген бюджеттік сала қызметкерлерінің қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, әскерилер мен өрт сөндірушілер бар. Орташа есеппен тағы 2 миллионға жуық адамның айлық табысы артады деп жоспарланған. Сондай-ақ, қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге, бір айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге болып бекітілді.

Қызыл жалынмен арпалысып, төтенше жағдай кезінде басын қатерге тігетін өрт сөндірушілердің әр күні қауырт. Жеті жылдан бері осы салада еңбек ететін Еламан Қамбарұлы үшін жыл жағымды жаңалығымен басталды. Себебі, биылдан табысы 10-нан 70 пайызға дейін артады. Бұл әр маманның әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын түзеуге сеп болмақ дейін аға өрт сөндіруші.

Еламан Қамбарұлы, аға өрт сөндіруші:

Жалақымыз өссе, білікті, білімді нағыз кәсіби мамандардың келуіне себепші болар еді. Себебі, біздің жұмысымыз өте ауыр. Әрі қауіпті. Биыл біздің отбасымызда ұлы той десем болады. Жақында жанұямыз үшеммен толықты. Осы балаларымның баянды, бақытты болашағы үшін аянбай еңбек етуім керек.
Шәкірт тәрбиелеп, қызметін адал атқаратын Жігер Зейнолланың да арманы асқақ. Екі жылдан бері физика пәнінен оқушыларға дәріс беріп жүр. Ұстаздардың жалақысы тағы көтерілетінін естіп, көңілге қуаныш ұялады дейді, жас маман.

Жігер Зейнолла, физика пәнінің мұғалімі:

Мемлекет тарапынан бізге өте үлкен қолдаулар көрсетіліп жатыр. Жыл сайын жалақы мөлшері 25%-ға көбейді. Алдағы уақытта оқушыларды пәндік олимпиадаларға, басқа да жетістіктерге жеткізуге, оқытуға біз барынша ат салысамыз. 
Бұл балабақшада 2-ден 6 жасқа дейінгі 200-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. 8 топта 16 тәрбиеші еңбек етеді. Мекеме меңгерушісі биылдан бастап әр қызметкер еңбек өтілі мен біліктілігіне қарай жалақы алатынын айтады.

Айым Наурызбаева, балабақша меңгерушісі:

2023 жылы жалақы 25 пайызға өсіп жатыр. Ол, әрине, біздің тәрбиешілеріміз үшін қуантарлық жағдай. Өздеріңіз білесіздер, мектепке дейінгі ұйым – білімнің, тәрбиенің ең алғашқы баспалдағы десек те болады.

Қуан Нұрақын, тілші:

Дәрігерлер де бұл игіліктен кенде қалмайды. Биыл ақ халаттылардың орташа жалақысы 550 мың теңге болады. Яғни, жоғарғы санатты дәрігерлердің айлығы 30, ал орта және кіші медициналық қызметкерлердікі 20 пайызға өседі. Ал Қарулы күштер мен Ұлттық ұланның ұшу құрамының айлығы 60 пайызға артады. Бұған әскери медицина қызметкерлерінің де еңбекақысы кіреді. Студенттердің шәкіртақысы 20 процентке, ал магистранттар мен докторанттардікі 15 пайызға көтерілмек.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу