Жамбыл облысында соңғы 3 жылда тұрғындардың табысын арттыру бағдарламасы бойынша 3 мыңға жуық ауыл тұрғыны өз кәсібін ашты. Пилоттық жоба енді Үкіметтегі ауылды дамытудың 5 жылдық жоспарына да енгізіліп, еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылмақ.
Табысты жобаның арқасында тірлігін тіктеген тұрғынның бірі - Ерлан Мехыбаев. Былтыр бағдарламаға өтінім беріп, 4 миллион теңгеге жуық несие алған. Оған 60 бас ұсақ мал және жем-шөп сатып алған. Биыл қорадағы қойы 100-ден асып, шаруасы кеңейген.
Ерлан Мехыбаев, жеке кәсіпкер:
Қарап, баптап осы уақытқа дейін бір жылдың көлемі өтті. Малымыз көбейіп, төлдеп жатыр. Осы 2,5 пайыздың арқасында пайдасын көріп жатырмыз. Жалпы халыққа ауылымызға біршама жағдай жақсарып қалды ауылда.
2600 тұрғыны бар Өрнек ауылы қазір бұрынғыдан өзгерек. Пилоттық жоба аясында былтыр елдімекенге инфрақұрылым тартылған. Білім мен мәдени орындары да жаңарды. 2,5 пайыздық үстеме ақымен несие алған 71 тұрғын қосымша жұмыс көздерін ашып, халықтың тұрмысы көтерілген.
Жетпіс Жанысбекұлы, Өрнек ауылының тұрғыны:
Газды қосып міне биылдан бастап үйімізге газ кіріп жатыр. Ол да бір халыққа жасалып жатқан мемлекеттің жағдайы. Арзандатылған бағада кіріп жатыр оның бәрі.
Бағдарламаның 5 бағыты да тиімді. Атап айтсақ, үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерді тиімді пайдалану, мал санын көбейту, кооперативтерді құру мен оны техникалық жабдықтау да жобаның негізгі мақсаты.
Ербол Жиенқұлов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
Пилотқа кірген әр ауылдық округ «Ауыл – ел бесігі» бойынша да жұмыстар атқарылуда. Ол жерде жарықтандыру, ауыз су мәселесін кіргізу. Одан бөлек газ кірмеген ауылдарға газ кіргізу, мәдениет үйлерін қайта жаңартудан өткізу.
Жоба аясында биыл да 10 ауданнан 10 ауылдық округ анықталған. 1500-ге жуық тұрғын несие алуға өтінім берген. Оған бөлінген қаржы 6 миллиард 47 миллион теңге. 3 жылда кәсіп ашқан 3 мыңға жуық тұрғынның басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Соның арқасында 14 кооперативке 200-ден астам жаңа техника алынған.
Нұрдос Болатұлы