Биыл ел бойынша өнеркәсіп саласында жаңа 160 жоба іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл ел бойынша өнеркәсіп саласында жаңа 160 жоба іске қосылды

29.12.2022

Биыл ел бойынша өнеркәсіп саласында жаңа 160 жоба іске қосылды. Бұл ел экономикасын дамытуға әрі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе тамақ, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика салаларында серпіліс басым.

Атырау енді мұнайдың ғана емес, полипропиленнің де астанасы. Биыл өңірдің өнеркәсіп саласы үлкен серпіліс жасады. Еуразия кеңістігіндегі ірі KPI зауыты жұмысын бастады. Жылдық қуаты – 500 мың тонна. Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан зауыттары біріксе де мұндай көлемде өнім шығара алмайды. Осылайша, теңіз кен орнының шикізаты өзімізде қайта өндіріліп жатыр. Мұнайдан алынған газ, тауар күйінде қайта шығарылады. Бұл Қазақстанда қолға алынған тұңғыш жоба. Осыған дейін сырттан тасымалданған өнім, енді керісінше Түркия, Қытай, Еуропа нарығын жауламақ.

Данияр Тиесов, «KAZAKHSTAN PETROCHEMICAL INDUSTRIES INC» ЖШС басқарма төрағасы:
Полипропиленнен тауар шығаратын өндіріс орындарын бүкіл облыс ашамыз десе де, сұранысты қамти аламыз. Өйткені, медициналық инеден бастап, тұрмыстық техникалар мен көлік бөлшектері, коммуналдық жабдықтар сынды көп тауар полимерден алынады.

Ал Қарағанды облысының Саран қаласында 30 жылдан бері тоз-тозы шыққан ауданға инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Биыл біраз бөлігі қайта қалпына келтірілді. Қараусыз қалған нысандар ірі кәсіпорындарға айналып жатыр. Солардың бірі – шина шығаратын зауыт. Инвестор Татарстаннан келді. Жылдық қуаты – 3,5 млн шина. Бұл - отандық автомобиль өндірушілердің қажеттілігін толығымен жабуға қауқарлы. Инвестиция көлемі 171 млрд теңге.

Тағы бір ескі ғимарат автобус шығаратын зауытқа айналды. Балалар таситын, туризм саласына арналған, электр автобус та осында. Тоғыз түрі бар. Ел ішінен бөлек, сырттан да қызығушылық басым. Нәтижесінде, жұмыссыз жүрген қала тұрғындары жаппай еңбекке тартылып жатыр.

Қуанышбек Сержанов, жұмысшы:
Ол РТИ тараған кезде халықтың жағдайы қиын болды. Жұмыс жоқ. Жан-жаққа тарап жұмыс жасадық. Құрылысқа бардық, жолға бардық. Әйтеуір табылған жұмысқа барып, қазір мына зауыт ашылғаннан бері біздің жағдайымыз Аллаға шүкір жақсы.

Сондай-ақ, биыл Батыс Қазақстанда фанер шығару кәсіпорны ашылды. Айына 4 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Таразда минералды тыңайтқыштарды өндіретін жаңа цех жұмысын бастады. Алматы облысында құс етін өндіретін ірі зауыт іске қосылды. Шымкент алюминий банкалар мен сусындарға арналған қақпақ түрлерін шығаратын Орталық Азиядағы ең қуатты зауытты ашты. Жаңа кәсіпорындардың қатарында Қызылордадағы қуаты 197 мың тоннадан асатын шыны зауыты да бар. Бұл бүкіл ел бойынша құрылыс индустриясының дамуына серпін бермек.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Жалпы, биыл ел аумағында осындай 160 жоба жүзеге асты. Құны – 2 трлн теңге. Нәтижесінде, 16 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал инвестиция өнеркәсіпті өркендету тетігі. Биыл Қазақстанға 62 ірі шетелдік компания көшіп келді. Тағы 28-імен келіссөз жүргізіліп жатыр. Демек, жаңа кәсіпорындардың қатары тағы артуы мүмкін.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу