Өзбекстанға тауар мен қызмет экспорттау жеңілдей түспек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанға тауар мен қызмет экспорттау жеңілдей түспек

23.12.2022

Кооперацияны дамытудан бөлек, енді отандық кәсіркерлерге көрші Өзбекстанға тауар мен қызмет экспорттау жеңілдей түспек. Себебі «ҚазақЭкспорт» экспорттық сақтандыру компаниясы» Өзбекстанның ірі банктерімен бірқатар келісімге қол қойды. Оның ішінде «Траст-банк» , «Капитал банк», «Ориент Финанс», «Өзбек өнеркәсіптік-құрылыс банкі» және «Tenge Bank» сияқты қаржы институттары бар. Келісім 21-ші желтоқсанда Ташкентте өткен өңіраралық бизнес-форумында жасалды. Екіжақты құжаттар сақтандыру және қаржыландыру саласындағы ынтымақты дамытуға бағытталған. Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің Өзбекстанға экспортын қолдау да жоспарда бар. «ҚазақЭкспорт»-тың Басқарма төрағасы Аслан Қалигазиннің сөзінше, бұл меморандумдар Қазақстан мен Өзбекстан компанияларының сауда жобаларын дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ, тауар мен қызмет импортының өсуіне сұранысты арттырмақ.

 Аслан Қалигазин, «KazakhExport» АҚ Басқарма төрағасы:

Стратегиялық құжаттарға қол қою біздің шетелдік әріптестеріміздің KazakhExport пен қазақстандық экспорттаушыларға деген сенімін көрсетеді. Біз Өзбекстан нарығындағы отандық тауарларға сұраныстың артып келе жатқанын және соның салдарынан экспорттың өскенін көріп отырмыз. Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде Өзбекстанға экспорттайтын қазақстандық тауар өндірушілерге KazakhExport көрсеткен қолдау көлемі 70 миллиард теңгеден асты.

2019 жылдан бастап, Өзбекстанға тауар мен қызмет экспорттайтын отандық өндірушілерді қолдау көлемі 255 млрд теңгеден асқан. Былтыр қос ел арасындағы сауда-саттық 4 млрд долларды құрады. Еске салсақ, 21-ші  қарашада Мемлекет басшылары таяу жылдары бұл санды 10 млрдқа жеткізу міндетін қойды. «ҚазақЭкспорт» 2022 жылдың соңына дейін қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру, экспорттық кредиттеу, тікелей және саудалық қаржыландыру сияқты өнімдер бойынша, шамамен 20 млрд теңге көлемінде экспорттық мәмілелерді іске асыруды жоспарлап отыр. Бүгінде, ҚазақЭкспорттың сақтандыру қолдауымен қазақстандық экспорттаушылар жергілікті нарыққа автомобильдер, аккумуляторлар, кабельдік өнімдер, тамақ өнімдері мен құрылыс материалдары сияқты тауарларды жеткізеді. Сонымен қатар, өзбек тарапы бізден шығатын сүт, ет, май және кондитерлік өнімдерге қызығушылық танытып отыр. Ал KazakhExport компаниясы сақтандыру бағытындағы қолдау жұмыстарын әлі де жетілдірмек. Шикізаттық емес тауар түрлерінің экспортын көбейтуді көздейді. Ол үшін Өзбекстандағы кеңсесі арқылы қазақстандық экспорттаушыларға қаржылық-сақтандыру қолдауын көрсетуді ынталандырмақ.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу