Шымкентте жол құрылысы кезінде 275 кемшілік анықталған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жол құрылысы кезінде 275 кемшілік анықталған

23.12.2022

Шымкентте жол салуға тапсырыс бергендер жұмыс сапасын бақылайтын мекеме өкілдерінің қорытындысымен келіспейді.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» қызметкерлері құрылыс кезінде 275 кемшілік анықтаған. 54 мың шаршы метр сапасыз төселген жол пайдалануға берілмей жатып, қайта жөнделген. Тексерушілердің айтуынша, құрылыс барысында асфальттың нығыздығы талапқа сай болмаған, бордюрлер қиюласпаған.

Жол табаны дұрыс тапталмағандықтан төсеніштер жарылып, ойылған. Жұмысына жүрдім-бардым қараған 3 құрылыс компаниясы мен 8 техникалық қадағалау мекемесіне 8 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ 6 техникалық қадағалушының аттестаты 6 айға, тағы біреуінікі 3 жылға тоқтатылды.

Мұхтар Дүйсембеков, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» рмк қалалық филиал директоры:

Құрылыс барысында анықталғаны асфальт суып қалған жағдай болады, асфальт-битум зауыты бұзылып қалып, ситасы тесіліп, үлкен шебень көп кетіп қалуы мүмкін. Құм түспей қалады. 54 мың шаршы метр деп отырғанымыз осындай ақаулар.

Мұхтар Қоқамбаев, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

54 мың шаршы метр сапасыз жол салынды дегенмен келіспейміз. Себебі бұл құрылыс барысында анықталған кемшіліктер. Олардың барлығы құрылыс аяқталғанға дейін жойылған. Яғни мұндай сапасыз жол жоқ.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу