Зеленский сапары: АҚШ «Patriot» әуе қорғаныс жүйелерін береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зеленский сапары: АҚШ «Patriot» әуе қорғаныс жүйелерін береді

22.12.2022

Америка Украинаға тағы екі миллиард доллардың әскери көмегін береді. Бұл жайлы АҚШ президенті Джо Байден украиналық әріптесті Владимир Зеленскимен кездесуінде мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Екі ел басшыларының кездесуін сарапшылар тарихи оқиға деп бағалап отыр. Себебі Ресей Украинаға шабуылын бастағалы үш жүз күн. Осы аралықта Владимир Зеленский алғаш рет шетелге шығып тұр. Бұл сапар өте құпия жоспарланған. Қауіпсіздік үшін Польшаға пойызбен жасырын барып, ары қарай америкалық әскерилердің ұшығымен Вашингтонға жеткен.

Ресми кездесу болса да, Украина президентінің он айдан бергі киім стилі өзгерген жоқ. Бұл ұстанымды делегация мүшелерінен де байқауға болады. Оңаша және кең құрамдағы кездесуден соң президенттер баспасөз мәслихатын өткізді. Байден Америка ешқашан бостандығы үшін күресіп жатқан Украинаны орта жолда тастамайды деп мәлімдеді.

Джо Байден АҚШ президенті «Ресейге салынған бұрын-соңды болмаған санкциялар мен экспорттық шектеулер Кремльге өзінің қатыгез соғысын жүргізуді қиындатады. 50-ден астам ел 2000-ға жуық танк пен басқа да броньды техника, 800-ден астам артиллериялық жүйе және 2 миллионнан астам артиллериялық оқ-дәрі берді. Егер Украина біздің көмегімізбен майдан даласында жеңіске жетсе, бейбіт келіссөздер жүргізген кезде басымдыққа ие болады.
Байден сондай-ақ құны 1,8 миллиард доллар болатын кезекті әскери көмек жайлы хабарлады. Оның ішінде Украина көптен сұрап жүрген Patriot әуе қорғаныс жүйелері де бар.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Бұл Украина үшін қауіпсіз әуе кеңістігін құру үшін маңызды қадам және біз террористік елден және олардың террорлық шабуылынан энергетикалық секторымызды, халқымызды және инфрақұрылымызды қорғаудың жалғыз жолы. АҚШ-тың осы инвестициясының әрбір доллары жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға жұмсалады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Патриот жүйелері Украинаға қашан жеткізілетіні әзірге белгісіз. Себебі америкалық әскерилер оны қолдануды украиндарға үйретуі тиіс. Ол үшін бірнеше апта керек. Десе де Зеленскидің сапары Конгресте Украинаға келер жылға төтенше көмек ретінде шамамен 45 миллиард доллардың көмегін беру мәселесі талқыланып жатқан тұста өтіп жатыр. Капитолиде сөз сөйлеген Зеленский АҚШ депутаттарын өз елінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға мейлінше көмектесуді өтінді. Оның бұлайша қиыла сөйлеуі де бекер емес. Себебі қаңтар айынан бастап АҚШ Өкілдер палатасын бақылауына алатын республикашылдар Украинаны қолдау көлемін азайтып жіберуі мүмкін деген де қауіп бар.


Хабарламаларға жазылу