Президент мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды

21.12.2022

Қазақстан Президенті мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды. Сапар аясында екі елдің басшысы келіссөз жүргізіп, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жоспарлап отыр. Биыл 10 айда екі елдің сауда айналымы 4 млрд доллардан асқан. Бүгін сонымен бірге ел астанасында екі елдің кәсіпкерлері жүздесіп, туризм, ет экспорты, құрылыс саласына қатысты келісімге қол қойған. 

Ақерке Бектас, тілші:
Ташкент халықаралық әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қарсы алды. Қазақстан Президенті 2019 жылы сәуірден кейін, Өзбекстанға екінші рет мемлекеттік сапармен келіп отыр. Екі ел қарым-қатынасының дамуында Президенттердің халықаралық алаңда тұрақты диалог орнатуы да ықпал етті. Биыл күзде тараптар төрт мәрте түрлі саммитте бас қосса, соңғы рет қарашада Самарқанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде жүздескен еді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары кезінде Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық бизнес-форумы өтіп, тараптар ортақ жобалар бойынша 40 келісімшартқа қол қойды. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринның сөзінше, бүгінге дейін Қазақстанның Өзбекстанға салған инвестиция көлемі 560 млн долларға жеткен. Енді елдегі Қазфосфат компаниясы өзбекстандық әріптестерімен бірге келер жылы Ферғана мен Науаи қаласында минералдық тыңайтқыш өндіретін зауыт салады.

Ақерке Бектас, тілші:
Қазақстан Президенті 2019 жылы Өзбекстанға мемлекеттік сапары кезінде шекарада «Орталық Азия» халықаралық сауда орталығын құру туралы айтқан. Бұл әсіресе қазір қиындап кеткен трансшекаралық сауда мәселесін шешуге ықпал ете алады. Енді жобаның қалай іске асатынын министр Серік Жұманғариннен сұрадық.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Ертең мемлекет басшысылары осы келісімшартқа қол қояды. Жалпы айтқанда ертең құрылысқа жол беретін боламыз. Жизақ өңірі біздің Қызылорда өңірімен, Түркістан мен Новаи өңірі. Өңіраралық қарым-қатынас дамуда.

Сонымен бірге агро салада алыс-беріс көлемі артып, биыл ет экспорты шамамен 15 мың тоннаға жеткен. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі малды шетелге сатуға басымдық береді. Осы сапар аясында арнайы ереже бекітіледі. Экспорттың көбін Өзбекстанға бағыттауды көздеп отыр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
60 мың бас ірі қара мал, 120 мың бас ұсақ малдың тірідей экспортқа шығаруды қарастырып жатыр. Өзіміздікімен алатын болсақ, жалпы көлемнің 5-7 пайызы. Сол себепті ішкі нарық бағаларына қатты әсер етпейді. Бағаның өсуіне алып келмейді деп жоспарлап отырмыз.

Құрылыс саласында да екі ел соңғы жылдары ортақ істі қолға алған. Мұнда да Қазақстанның Өзбекстандағы жобалары көш бастап тұр. Әсіресе кәсіпкерлердің 3 жыл бұрын бастаған бизнесі арқылы Ташкентте тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Салада жұмыс істейтін азаматтардың тең жартысы – қазақстандық.

Мұрад Назаров, кәсіпкер /Өзбекстан/
Қазақстан Өзбекстанға қарағанда біраз алдыда. Технология, ноу-хау, бизнес біраз алдыда. Бізде қазір 226 адам жұмыс істейді. Жартысы Қазақстаннан келген, жартысы өзбекстандық. 3 жылда 100 млн доллар артық іс жасадық.

Туризм бойынша бірлескен жобалар бар. Мысалы, Түркістан қаласы мен Самарқанд-Ферғана бағыты арқылы әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. Бұған Өзбекстан тарапы қызығушылық танытқан. Жауаптылардың айтуынша, бұл Қазақстанға келетін туристерді тағы 25 пайызға көбейтуге себеп болады.

Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:
Екіжақты қостыратын туристік бағыттарды әзірлеп жатырмыз. Екіжақты туроператорлар арасында қол қойылады. Бұл дегеніміз – Түркістанға келген туристер бір маршрут арқылы Самарқанды көріп шығуға мүмкіндігі болады. Тура солай, ары беттен Самарқанға келген туристер де.

Ақерке Бектас, тілші:
Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы, сыртқы саясаттағы бірегей ұстанымы тек екі елдің емес, Орталық Азияның қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді. Әсіресе Ауғанстандағы жағдай, қару-жарақтың заңсыз тасымалы, есірткі саудасы секілді мәселелерді Президенттер ортақ саяси алаңдарда жиі айтып жүр. Сондықтан бұл сапар экономикалық байланыс тұрғысынан ғана емес, аумақтық қауіпсіздік жағынан да маңызды болмақ.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу