Медиа форумда бірыңғай ақпараттық алаң құру мәселесі көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медиа форумда бірыңғай ақпараттық алаң құру мәселесі көтерілді

20.12.2022

Орталық Азия елдері түрлі салада байланысты арттыру керек. Медиа форумда аймақ үшін ортақ, бірыңғай ақпараттық алаң құру мәселесі көтерілді. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жиынға белгілі саясаткерлер мен журналистер, пулитцер сыйлығының иегерлері мен голливуд жұлдыздары қатысып жатыр. Медиа кеңістіктегі өзекті мәселелер талқыланып, соңғы тенденциялар да сөз болды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Орталық Азияның тарихы мен тамыры ғана емес, тағдыры да ұқсас. Сондықтан да бүгінгі мәселелелер де ортақ. Медиа жиынға еліміз бен аймаққа ғана емес, әлемге танымал, түрлі саланың тұтқасын ұстаған беделді тұлғалар келді. Бәріне ортақ тақырып өңірдегі медиа саланы дамытудың тетіктері мен жолдарын қарастыру.

Қазір әлемдегі геосаяси жағдай теңіздей толқып тұр. Ал ақпарттық қауіпсіздіктің маңызы еселене түсті. Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүлдің пікірінше Орталық Азияның әлемдік сахнадағы салмағы артып отыр. Ал медиа кеңістікте сенімге селкеу түсірмеу үшін ең әуелі билік ашық болуы керек дейді.

Абдулла Гүл, Түркияның бұрынғы президенті:
БАҚ институты мемлекеттік басқаруға қиындық тудыратын кез келген дезинформацияны тазартады. Жасанды интеллект пен үлкен деректердің арқасында БАҚ жаңа технологияда артықшылыққа ие бола алады, оларсыз қазіргі өмірді елестете алмаймыз. Сонымен бірге, үкіметтер еркін әрі ашық медиа құралдарынан қорықпауы керек.

Форумда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Орталық Азия елдері түрлі салада байланыстарды нығайтуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар форум қатысушыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын да жеткізді.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:
Біз жаһандану дәуірінде өңірлік ақпараттық кеңістікпен шектеліп қалмауымыз керек. Бірлескен медиа өнімдер жасап, ортақ құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу аса маңызды. Сол арқылы Орталық Азия елдерінің жасампаз идеялары мен жарқын істерін жер жүзіне танытамыз.

Медиа жиында әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген де сөз сөйледі. Ол қазіргі алмағайып замандағы ең өзекті тақырыптың бірі бейбітшілікті сөз етті. Біз бір үйдің, бір мекеннің перзенті екенімізді еске салды.

Димаш Құдайберген, әнші:
Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын тартуда. Мұның барлығы бейбітшілік еткен жерлер, берекесіздік жайлайтындығының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі XXI ғасырдың да ең өзекті мәселесінің бірі болып тұр.

Орталық Азия елдері үшін ортақ медиа кеңістік құру өте маңызды. Бұл жиынға қатысқан көпшіліктің ортақ ойы. Ютуб платформасында үздік бестікке еніп отырған, қырғызстандық «D BILLIONS» жобасының жетекшілері де бірлесе әрекет ету арқылы жаңа белеске шыға аламыз деген сенімде.

Эрнист Уметалиев, «D BILLIONS» youtube жобасының негізін қалаушы:
Азыр дунио жузинде рамка қоймош керек деп ойлоймын. Мен қырғызбын, мен қазақпын деп бөлінбеш керек деп ойлоймын. Аның бари ескі психология, ескі политика деп ойламын.

Иә, интернеттің дамуымен көпшіліктің назары да әлеуметтік желілерге ойысып жатыр. Дегенмен бұл дәстүрлі медианың дәурені өтті деген сөз емес. Қайта соңғы жылдары телекөрерменнің сапалы сараптамаға сұранысы артып келеді. Интерньюстің зерттеуіне сенсек тұрғындардың 54 пайызы ең әуелі телеарналардың ақпаратына сенім білдіреді.

Ләззәт Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:
Біздің аудиторияға ақпаратты жеткізу әдісіміз өзгеріп жатыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі сенімге ие әрі көп қаралым жинайтын контентті телевизия мамандары дайындап жүр. Телеарналардың ютуб және басқа да платформалардағы қаралымдары өте жоғары. Яғни, телевизиялық контент үлкен сенімге ие. Бұны статистикадан да байқай аламыз.

Бауырлас елдер арасында ортақ ақпараттық кеңістік құру. Пост шындық дәуіріндегі медиа мен жасанды интелект. Бүгінгі жиынның негізгі тақырыптары осы.

Дархан Қыдырәлі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Тек қана форумды өткізіп қана қоймай, бұның болашақта жалғасуын күтеміз. Тұрақты платформаға айналдыру жөнінде ұсыныстар бар. Екіншісі платформа аясында журналистер мен медиқұрылымдар өзара келісіп, түрлі келісімшарттар жасалуы мүмкін. Сонымен қатар Николодиан, ТиДжи сынды үлкен компаниялармен кездесулеріміз бар.

Жалпы бұл алаңда әлемге аты танымал 100-ден астам спикер сөз сөйлейді. Форум ертең де жалғасады. Оның қорытындысы бойынша келісімшарттарға қол қойылып, бірнеше ірі медиа компания Қазақстанға келуі мүмкін.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу