Әлем чемпионаты – 2022: Франция құрамасы ел үмітін ақтамады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем чемпионаты – 2022: Франция құрамасы ел үмітін ақтамады

19.12.2022

Аргентина әлем чемпионатында Францияны ұтқаннан кейін Қатардың Лусаил стадионында отшашу болып, бір айға созылған Әлем кубогы аяқталды. Аргентина астанасы Буэнос-Айресте жүздеген мың адам жеңісті мерекелесе, Парижде Франция жанкүйерлері өкінішін білдіріп жатыр.

Аргентинада үлкен қуаныш. Бұл мемлекеттік ұлттық құрамасы футболдан үшінші рет Әлем чемпионы атанғаннан кейін елдің барлық қалаларында миллиондаған адам шаттанып, көшеге шығып, жеңісті мерекелеп жатыр. Фанаттар ұлы футболшы, марқұм Диего Марадонаның Буэнос-Айрестегі үйінің жанына да мыңдап жиналды.

Хоакин Окампо, футбол жанкүйері:

Қуанышымызда шек жоқ. Шыны керек, біздің ұлттық құрама қатты толқытты, барын салды. Сондықтан оларға орасан алғыс білдіремін.

Джонатан Хередия, футбол жанкүйері:

Дибу, Месси, бүкіл команда, мен сендерге тіпті табынамын. Олар мені жылатты. Маған қазір осы қуаныштан басқа ештеңе керек емес.

Айта кетсек, Аргентина командасы соңғы рет 1986 жылы чемпион болды. Ал 2014 жылғы дүниежүзілік турнирдің финалында бұл ел Германиядан ұтылып, екінші орыннан көрінгені белгілі.

Париждегі көңіл-күй мүлде басқа. Мұндағы жұрт та чемпиондыққа үкілі үміт артқан еді. Алайда, пенальтилерден кейін бас жүлде аргентиналықтарға бұйырды. Францияның арманы орындалмады.

Мұхаммед Пепуна, Франция командасының жанкүйері:

Франция жеңілді, көңіліміз қалды. Мбаппенің гол соғуын, елді екінші рет Әлем чемпионы етуін қалап едік. Олай болмады. Не істейміз, бұл өмір ғой. Қолымыздан ештеңе келмеді.

Люси Фиоккони, Франция командасының жанкүйері:

Бүгін Францияның жеңілгені қатты өкіндірді. Аргентина жақсы ойнады, сондықтан олар әлем чемпиондығына лайық. Финалдағы пенальти қынжылтты. Бұл ұят, бірақ Аргентинаны бәрібір құттықтаймын.

Айта кетсек, Франция бұған дейін екі рет Еуропа чемпионатын және екі мәрте Әлем чемпионатын ұтқаны мәлім. Кешегі ойын нәтижесінен түңілген париждіктер сол жеңіс төрт жылдан кейін қайта оралады деген үмітте.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу