Осы аптада Украина тағы жойқын шабуылға ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Украина тағы жойқын шабуылға ұшырады

18.12.2022

Осы аптада Украина тағы жойқын шабуылға ұшырады. Ресей елдің бірнеше облысындағы энергетика инфрақұрылымына құрлықтан, әуеден және теңізден қанатты зымырандармен, ирандық дрондармен соққы берген. Жұма күнгі шабуылдан электр қуатын тұтынушылардың тең жартысы жарықсыз, сусыз, жылусыз қалды. Бұл - Ресей әскерилерінің көршілес елдің энергетикалық нысандарына қазан айынан бері жасаған тоғызыншы жаппай шабуылы. Содан бері Украина жеріне мыңнан аса зымыран мен дрон жіберілген. Қазір елде электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:
Бүгін басты назар энергетикалық секторда. Қазірге дейін 6 миллионға жуық украиналыққа электр жарығы қайта берілді. Жөндеу жұмыстары террористік шабуылдан кейін үздіксіз жалғасып жатыр. Әрине, жүйені тұрақтандыру үшін атқарылуы тиіс жұмыс көп. Жылу, су беруде де қиындықтар жетерлік.

Бұған қарамастан шабуылдың соңғы толқынынан кейін ел астанасы Киев орталығына генератордан қуат алатын мерекелік жасанды шырша қойылды. Қала мэрі Виталий Кличко айтқандай, "Жеңілмейтін Рождество шыршасын" тамашалауға тұрғындар барып жатыр.

Татьяна, Киев тұрғыны:
Шырша осы жерде тұруы тиіс: соғыс жүріп жатса да, украиналықтарға, балаларға мереке керек.
Ирина Солойчук, Киев тұрғыны:
Нағыз мереке болатынына күмәнім бар. Солай болса да, барлығымыз бірге болып, бір-бірімізге қолдау көрсету маңызды екенін түсіну қажет.

Украинаға шабуыл жасалған күні Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы Ресей әскерилерінің әрекетін үйлестіретін штабқа барып, қолбасшылармен кездескен. Бұл туралы Ресей және Батыс басылымдары жазып жатыр. Кремль басшысы Ресейдің келесі қимылы қандай болуы керектігі туралы идеяларды талқылауға қатысқан.

Владимир Путин, Ресей президенті:
Құрметті жолдастар, тағы да қайырлы күн! Біз әр жедел бағыттағы командирлерді тыңдаймыз. Сондай-ақ, жақын және орта-мерзімді әрекеттеріміз туралы ұсыныстарыңызды естігім келеді.

Сондай-ақ Украина әскерилері мен америкалық сарапшылардың пікірінше, Ресей осы қыста Украинаға қарсы, нақтырақ айтсақ, Донецк облысының батысында жаңа шабуыл бастауы мүмкін. Американың соғысты зерттеу институтының дерегіне сай, Херсонның оң жағалауынан кеткен ресейлік әскерилер Донбасстың түрлі аудандарына жіберіліп, майдан шебіне ауыр техника тартылып жатыр.

Алексей Громов, Украина армиясының бригадирі:
Кремль қысқа мерзімде соғыста жеңіске жету мүмкін емес екенін түсінеді. Осылайша Украина мен оның одақтастарын қажыту үшін қақтығысты ұзаққа созуды көздейді.

ЕуроОдақ Украина халқы мен инфақұрылымын бомбалауға көшкені үшін Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатты. 2022 жылдың соңғы саммитінде саяси блокқа мүше елдер Мәскеуге қарсы шектеу шараларының тоғызыншы легін бекітті. Қара тізімге осы елдің 200 жеке және заңды тұлғасы іліккен. Олардың арасында телеарналар, банктер бар. Ресейге экспорттауға тыйым салынған тауарлар тізімі де ұзарды. Сонымен бірге Еуропа Одағы көршілес елдің тау-кен өнеркәсібіне инвестиция салуды шектеді. Осы саммитте Еуропа елдері Украинаға келесі жылы 18 млрд еуро қаржы бөлуге келісті.

Шарль Мишель, Еуропалық кеңес төрағасы:
Осы арқылы Еуропа Одағы өз сөзінде тұратынын дәлелдеп отыр. Украина үшін маңызды шешім. Ресейді қатаң сынаудың, Кремльдің соғыс машинасына қысым көрсетудің кезекті тәсілін де таптық.

Осы аптада Еуропалық Одақ Ресейдің энергиясынан бас тарту стратегиясы ойдағыдай жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Әзербайжан, Грузия, Румыния мен Венгрия лидерлері сенбіде Қара теңіз түбімен электр кабелін өткізу туралы келісімге қол қойды. Бұл бағыт арқылы Әзербайжанның жасыл энергиясын Еуропаға жеткізу көзделіп отыр. Әлемдегі ең ұзын кабельді 3-4 жылда салуға 2,3 млрд еуро бөлінген.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу