Түркістан облысының Келес ауданында үш қабатты жаңа мектеп қаңырап, бос тұр. Қазынаның қыруар қаржысы жұмсалып, 5 жыл бойы салынған ғимаратта жылу жоқ. Оқушылар кезінде жұмысшылардың жатақханасы болған жерде үш ауысымен білім алып жүр.
Күн суытқалы сабақтан мән кетті. Балалар жаңа мектептен көшіп, ескі жатақханаға қайта келді. Содан бері үш ауысымда оқиды. Өйткені мұнда бар-жоғы 10 бөлме ғана бар. Ал білім ұясындағы сынып саны 32. Уақытты үнемдеу үшін сабақтың ұзақтығы 30 минутқа қысқарды.
Ақнұр Еркінбек, мектеп оқушысы:
Сабаққа үлгере алмай жатырмыз. Сабақ тез аяқталады. Білім ала алмаймыз. Сынып мұздай.
Ынтымақ ауылында 600-дей оқушы бар. Олар білім үшін күнделікті бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр.
Әбдіәкім Аманов, ауыл биі:
Ауылдың арақашықтығы 3 шақырым. Сондай жерге жаяу кетеді. Не берген көлігі жоқ, тасымалдау болмаған соң, балалар үйіне жете алмайды. Түнде бір-ақ барады ғой.
Биылғы оқу жылында ұстаздар мен шәкірттерді қуанышқа бөлеген жаңа мектептегі қоңырау үні ұзаққа бармады. Қазір мұнда өлі тыныштық.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Мектептің ішіне от жағылмағандықтан, қабырғалары көгеріп, төбесіндегі сылақтары түсе бастаған. Ал жұмыстың сапасыздығынан кірпіштердің жігі ажырап, бұрыштары ырсиып тұр.
Ынтымаққа осы мектепті салу үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Алғашқы мердігер құрылысқа бөлінген ақшаның 195 миллионын еш негізсіз иемденіп, ұшты-күйлі жоқ болды. Қабырғасы көтерілген ғимарат 4 жыл қар мен судың астында шатырсыз тұрды. Ал кейінгісі 690 миллион теңгеге істі аяқтағанымен, қазандықты табиғи газға жалғамаған болып шықты.
Қанат Смағұлов, мердігер компанияның учаске басшысы:
Ешқандай себебі жоқ. Құжат жиналмай біраз жүрдік. Енді тапсырдық. Газ мәселесі барлық жерде проблема. Газ қосу деген проблема. Сол құжаттар, кезек.
Жазды алаңсыз өткізген мердігер ғимаратты газ желісіне қосу туралы өтінішті осыдан бір ай бұрын ғана берген. Техникалық негіздемесі жасалғанымен, әлі атқарушы техникалық құжаттамасы дайын емес. Оған енді бір аптадай уақыт қажет дейді мамандар.
Ғани Қалмаханов