Астанада «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының тұсаукесері өтті

14.12.2022

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы бүгін Астанада Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи телехикаясының тұсаукесерін өткізді. 6 бөлімнен тұратын тарихи туындыда Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады.

Телехикаяда Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жан жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы рет һәм кезеңімен баяндалады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы тағы бір тарихи туындымен Тәуелсіздік күніне тамаша тарту жасап отыр. Фильмнің Тәуелсіздік күнінде эфирге шығуының символикалық мәні зор. Өйткені олар бостандық үшін басын бәйгеге тіккен боздақтар, азаттық жолында құрбан болған жандар. Сондықтан Алаш қайраткерлері - біз үшін қашан да шамшырақ, бағыт.

Бұл телехикая - «Қазақстан» телерадиокорпорациясының соңғы екі жылдағы 11-ші туындысы. Әр өнім жарыққа шыққан сайын, тәжірибе толығып, сапа да еселеніп келеді.

Ләззат Танысбай, «ҚАЗАҚСТАН» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:
Өткен жылы «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикаясына айтылған сын биыл Мағжан Жұмабаевқа арналған туындыда қайталанған жоқ. Өткен жылы Ахметке айтылғын мін биыл Міржақыпта болмайды деп сенеміз.

Сериалда бас кейіпкер Міржақып Дулатовтың рөлін Бақыт Қажыбаев, жары Ғайнижамалдың рөлін Зарина Кармен, қызы Гүлнар Дулатованың рөлін Гүлжан Әспетова ойнайды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханов бейнесін «Qazaqstan» телеарнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының басты кейіпкерлері Байғали Есенәлі мен Бауыржан Қаптағай сомдайды.

Телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы және Қостанай облыстарында өтті. «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан 16-17 желтоқсан күндері 18:00-де эфирге шығады.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу