Астанадағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға мыңнан астам азық-түлік қорабы таратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға мыңнан астам азық-түлік қорабы таратылды

13.12.2022

Астанадағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға мыңнан астам азық-түлік қорабы таратылды. Қала әкімдігі ұйымдастырған шараға кәсіпкерлер мен еріктілер ат салысты. Әрбір қорапта отбасыға қажеттінің бәрі бар.

Тәуелсіздік күні қарсаңында бір топ еріктілер мен белсенділер дәстүрлі «Игі істер марафонын» жалғастырды. Олар Астананың төрт ауданында тұратын, көмекке мұқтаждар тізіміндегі отбасыларға барды. Әлеуметтік себетке азық-түлік өнімдері мен тұрмысқа қажетті заттар салынған.

Аян Ерментаев, Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:

Бүгін 300-ге жуық отбасыға азық-түлік жеткізетін боламыз және бұл іс-шара бүгін ғана емес алдағы күндерде де жалғасын табады. Жалпы, айтатын болсақ мыңға жуық отбасыға осындай азық-түлік себепттерін жеткізетін боламыз. Жалпы, себет құрамында күнделікті керекті барлық өнім қарастырылған. Мәселен айтатын болсақ сұйық май, күріш, қант және тауық еті дегендей.

Көпбалалы ана Әсем де назардан тыс қалмады. Төрт перзент тәрбиелеп отырған жанұяда тек отағасы жұмыс істейді. Бір жалақыға бала-шағамызбен күн көреміз деген ана көрсетілген көмекке ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Әсем, көпбалалы ана:

Шыны керек күткен жоқпын. Енді ғана тұрып, балалардың таңғы астарын беріп, сабаққа жіберіп жатқанмын. Бір күтпеген жағдайда тұрмын, қуаныштымын. Осы еріктілерге, қала әкімшілігіне барлық жақсы адамдарға рақметімді айтамын.

Мұндай игі істер акциясы тек тәуелсіздік күні қарсаңында ғана емес өзге де мерекелерде және Рамазан айында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жалғыс басты қарияларға, қамқоршысы жоқ балаларға көмек көрсетіледі. Бұл шара әлі тағы екі күнге созылады. Ұйымдастырушылар астаналықтарды мұндай қайырымдылық шараларына бейжай қарамауға шақырады.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу