Джексон-Вэник заңының зардабы Қазақстан экономикасына тиіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Джексон-Вэник заңының зардабы Қазақстан экономикасына тиіп жатыр

12.12.2022

АҚШ-та осыдан 48 жыл бұрын Кеңес одағына қарсы қабылданған Джексон-Вэник заңы әлі күнге күшін жойған жоқ. Зардабы Қазақстан экономикасына тиіп жатыр. Сондықтан АҚШ сарапшылары Қазақ билігі АҚШ үкіметіне батыл талаптар қойып, шектеулерді жою туралы қолқа салуы тиіс деп санайды. 

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Кеңес Үкіметімен сауда-саттықты шектейтін Заң 1974 жылы бекіген. Оның ішінде АҚШ үкіметінен несие алуға тыйым салынады. Тауар сату мен сатып алуға қосымша тарифтер мен алымдар қосылады. Бастамашы болған екі конгрессменнің атымен атылған заңның күшін жою үшін еліміз Тәуелсіздік алған соң, бірнеше мәрте ұсыныс жасағанымен нәтиже жоқ. Бұл мәселені шешуге Америкадағы қазақтар да бұған дейін әрекет етіп көрген. Заң күшін жойса, қазақ кәсіпкерлеріне Америкаға өз өнімдерін жеткізу едәуір жеңілдейді,-дейді Қазақ-Американ қауымдастығының президенті.

Дархан Нұрмағамбет, Қазақ-Америка қауымдастығының президенті:

Кезінде өзіміз диаспора жиналып бастағанбыз, өзіміздің конгресмендер бар. Сенаторға хат жазғанбыз. Онда біз ары кеткенде 3-4 мың қазақ қана болдық, естілмей қалды. Қазір қарап отырсақ, 10 мыңдай қазақ бар, Американың ситизендері. Соларға айтып отырмыз, осылай хат жазайық, сол түзетулермен жұмыс істейік бәріміз. Сенаторға хабар беріңдер, одан кейін он мың әрі қарай жиырма мың бола ма, ол дауыс.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қазақстанда 2008-2011 жылдары АҚШ елшісі болған тұста Ричард Хогдан да бұл мәселені көтеріп, үкіметіне түзетулерді алып тастау туралы ұсыныс жасаған. Алайда нәтиже шықпапты. Десе де дипломат шектеулерді екі жақтың байланысына тұстау боларлықтай аса үлкен проблема деп санамайды.

Ричард Хогланд, АҚШ-тың қазақстандағы бұрынғы елшісі (2008-2011):

Заң Қазақстан халқы мен Үкіметін алаңдататынын білемін. Алайда бұл көп қиындық тудырмайды және оның шектеулері көп емес. Біз қазір кез-келген салада тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Әрине түптеп келгенде шектеулерді алып тастау керек.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қазір АҚШ пен Қазақстан әріптестігі стратегиялық деңгейге көтерілді. Сондықтан америкалық сарапшы Сергей Грецкийдің пікірінше, Ақ үйге қолқалайтын кез келді.

Сергей Грецкий, Джорджтаун университеті сыртқы саясат академиясының директоры:

Менің ойымша, Қазақстан үшін Америка Құрама Штаттарының әкімшілігіне нақты талап қоятын қолайлы сәт келді. Екі ел арасындағы нарықтық сауда, инвестицияны толық дамытуға мүмкіндік бермей тұрған Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою үшін АҚШ Конгресімен жұмыс істеуге ықпал ете білу керек. Биыл ақпан айынан кейін Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктер ашылды, соны пайдалану керек шығар.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Бір қызығы екі көршімізден мұндай шектеулер алынып тасталған. Қырғызстан АҚШ-пен 2000 жылдан бері кедергісіз сауда жасап жүрсе, Ресей мұндай мүмкіндікке он жыл бұрын қол жеткізген.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу