Қатар-2022: Бүгін футболдан Әлем чемпионатының ширек финалдық ойындары басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатар-2022: Бүгін футболдан Әлем чемпионатының ширек финалдық ойындары басталады

09.12.2022

Топтан үздік шығып, плей-оффта сүрінбеген сегіз құрама келесі кезеңге таласады. Ал мундиальдағы ширекфиналдық ойындарға дейін соғылған үздік голдарды шолып шығайық.

Португалия – Швейцарияны айқын басымдықпен жеңді. Ал Гонсалу Рамуш әлем чемпионатындағы алғашқы хет-триктің авторы атанды. Португалиялық шабуылшының соққан голы плей-офф кезеңіндегі үздік голдардың қатарына енді.

Плей-офф кезеңінде АҚШ құрамасы Нидерланд ойыншыларынан айласын асыра алмады. Дегенмен екінші таймның 71 минутында Райджи Райттың соққан голы көпшілікті таң қалдырды.

Сауд-Арабия Аргентинаны жеңіп, сенсация жасады. Ал Де Паулу мен Паредесті қапы қалдырып, алыс бұрышты көздеген сауд-арабиялық Әль-Давсаридің голы тарихта қалғаны сөзсіз.

Ал дәл осы Сауд-Арабиясымен ойында айып добын теуіп, алыс бұрышты көздеген мексикалық Луис Чавес мүлт кетпеді. 26 жастағы жартылай қорғаушының соққан добы топтық кезеңдегі ең әдемі голдардың тізіміне енді.

Ал топтық кезеңнің үздік голы бразилиялық Ришарлисонның еншісінде. Сербия құрамасымен ойындағы 73 минутта бразилиялық шабуылшы Винисиустің берген пасын қабылдап, қайшылап тұрып қақпаға дәл соққы жасады.

Дархан Рахымжан


Хабарламаларға жазылу