«Таңшолпан» нағыз халықтық бағдарламаға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан» нағыз халықтық бағдарламаға айналды

08.12.2022

«Таңшолпан» атауы Ұлттық арнамен қатар айтылатын нағыз халықтық бағдарламаға айналды. Эфирден 30 жыл бойы үздіксіз берілуі жобаның бастауында мықты мамандардың болғанын, негізінің дұрыс қаланғанын білдіреді.

Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай Алматыдағы бағдарлама ұжымымен өткен кездесуде осылай деді. Жиынға редакцияда әр жылдары тележүргізуші, редактор, режиссер, оператор, әкімші болып қызмет еткен мамандар қатысты. Естеліктер айтылып, осы кезге дейін атқарылған еңбек қорытындыланды.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы:

«Қазақстан» дегенде бірінші «Таңшолпан» деп айтамыз. «Таңшолпан» дегенде «Қазақстанды» еске аламыз. Сіздерді осы жерде жинауымыздың себебі осы. Сіздердің үлестеріңіз, еңбектеріңіз өте зор.
Қазақ телевизиясы тарихындағы өміршең тележобалардың бірі «Таңшолпан» бағдарламасына – 30 жыл. Қазақ тіліндегі тұңғыш таңғы бағдарлама 1992 жылы 14 желтоқсанда сол кездегі Телерадио корпорацияның басшысы, қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның тікелей тапсырмасымен эфирге шыққан еді.

Иманбай Жұбаев, «Таңшолпан» бағдарламасының 1992 жылғы редакторы, ардагер журналист:

Ол кезде рейтингі сұмдық болатын. Бағдарламаны бәрі қарайтын еді. «Таңшолпанды» қазірге дейін іздейді. Сондықтан оның рейтингі, атауының өзі үлкен құбылыс деп ойлаймын. Телевизия тарихында мұндай бағдарлама болған жоқ. Біз мақтанамыз.
Уақытқа бағынбайтын жұмыс тәртібі бүгін дейін сақталған. Көрерменге ақпаратты-сазды хабарды жеткізу үшін мамандар күн-түн демей, үздіксіз қызмет етіп келеді.

Уәлихан Исабаев, ардагер режиссёр:

Тоқырау заманы болып жатты ғой. Сол кезде біздің алдымызға қойған мақсатымыз - халықтың кішкентай да болса, көңілін көтеру стилінде жұмыс істедік.

Әр жылдары авторлық құрам өзгергенімен, Шерхан Мұртазаның межелеген белестері тек шарықтай түсті. Қазақстандықтардың таңы түрлі-түсті бояуларға толып, 30 жыл бойы «Таңшолпан» сүйікті көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келеді.

Аргентина Жәнібек, «Таңшолпан» бағдарламасының жетекшісі:

Әр жыл сайын заман ағымына, аудиториямыздың сұранысына, талабына қарай жұмыс жасаймыз. Контентті соған қарай түрлендіріп отырамыз. Алдағы уақытта да сол сақталады. Ал 30 жыл бұрын қаланған форматы өзгермейді.
30 жылдық мерейтой аясында ізгі істер марафоны басталды. «Таңшолпандықтар» ұжым болып, экологиялық бастамаларды қолға алды. Қала тұрғындарын тосыннан қуанту сынды шараларды ұйымдастырды. Сондай-ақ, арнайы репортаж жасалды. Бейнебаян түсірілді. Ал бағдарламаның эфирге алғаш рет шыққан күні, яғни, 14 желтоқсанда «Таңшолпан» жобасы отандық телевизия тарихында ең өміршең хабар ретінде рекордтар кітабына енбек.


Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу