Елдегі кәсіпкерлер оқулықтың жиі өзгеруіне қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі кәсіпкерлер оқулықтың жиі өзгеруіне қарсы

07.12.2022

Білім бағдарламасы жаңарған сайын оқулықтардың өзгеруі жекеменшік мектептердің басшыларын әбден мезі еткен. Жыл сайын жаңа кітап алуға шамамыз жетпейді деп отыр. Ал жауапты министрлік өкілдерінің бұл мәселеге айтар уәжі басқа.

Ел бойынша жеті жарым мыңдай мектеп бар. Оның 500-ден астамы жекеменшік мектептер. Ал 11 мың балабақшаның жартысына жуығы жекеменшік. Бұл мекемелер жыл сайын жаңаратын оқу құралдарын өз қаражатына алуға мәжбүр.

Күләнда Батырбекова, кәсіпкер, Білім инвест қауымдастығының вице-президенті:

Мен сол 2-3 миллионды жылда ауысатын оқулыққа жібергенше, мен неге біліктілікке жібермеймін? Неге мен көпбалалы ата-аналардың, не болмаса жағдайы жоқ ата-аналардың балаларын оқытпаймын? Неге мен оларға тағы да қосымша инвестиция сала алмаймын?

Ал мамандар оқулықтардың белгіленген мерзімнен ерте ауыспайтынын айтады. Өйткені білім бағдарламасы алдын-ала бекітілген. Тек пән атауларының өзгеруі немесе жаңадан енгізілуі сияқты кезектен тыс түзетулер кезінде кітап қайта басылып шығуы мүмкін.

Мәншүк Мұхаметқали, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары:

Негізгі пәндер бойынша оқулықтар 5 жылда бір рет қайта басылып шығады. Егер де оқу бағдарламаларында бір өзгерістер болған жағдайда, немесе кейбір даталарға байланысты өзгерістер болған жағдайда сол өзгерістердің барлығы бес жылда бір рет басылған оқулықтарда көрініс береді.

Министрлік халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды қолдауды көбейту бойынша бастама көтерді. Ұсыныста жекеменшік мектептерде білім алатын бүлдіршіндерге де жаппай оқыту қорынан көмек алуға мүмкіндік беру туралы жазылған. Қазір бұл норма мемлекеттік мекемелерде ғана қолданылады.

Элина Паули, Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

Үкіметтің қаулысы бойынша әлеуметтік осал топтан шыққан оқушылардың 5 санаты белгіленген. Оған атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер, төтенше жағдайға душар болғандар жатады.

Қиын жағдайға тап болған және мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға баруға мүмкіндігі жоқ отбасылардан шыққан балалар үшін тамақтануға ақы төлеу тетігін іске асыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл шараны 2023 жылдың басында іске қосылатын «Отбасының цифрлық картасы» сервисі арқылы жүзеге асыру ұсынылды.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу