Ресей мұнайының бағасын 60 доллардан асырмау туралы келісім күшіне енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей мұнайының бағасын 60 доллардан асырмау туралы келісім күшіне енді

05.12.2022

Украина әскері қарымта шабуылды қыста да жалғастыра бермек. Мақсат – жақында қол жеткізілген әскери жетістіктерді нықтап, майдан даласында/ ресейліктердің басым күшке айналуына жол бермеу. Мұны Украина үкіметінің дерегіне сүйене отырып, АҚШ-тың соғысты зерттеу институты хабарлады. Жердің қатуы украиналықтардың дөңгелекті ауыр техникамен алға жылжуына мүмкіндік береді. Ал, Ресейдің таяуда ғана мобилизация бойынша сапқа тұрған сарбаздары мен түрмеден жиналған адамдары шайқасқа әзір емес. Айта кетсек, Ресей әскері күзде Харьков облысының көп бөлігінен және Херсоннан кетуге мәжбүр болған еді. Қазір Украина өзге аумақтарды азат ету үшін жаңа шабуылдарға дайындалып жатыр.

Мұнай бағасын шектеу туралы келісім күшіне енді

Батыс елдерінің Ресей мұнайының бағасын 60 доллардан асырмау туралы келісімі күшіне енді. Тиісті құжатқа Еуро одақ, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Жапония мен АҚШ қол қойды. Сондай-ақ, бүгін теңіз арқылы тасымалданатын Ресей мұнайына Еуропа одағы жариялаған эмбарго іске қосылды. Бұл шаралардың мақсаты – Кремльдің Украинадағы басқыншылықты қаржыландыру мүмкіндігін әлсірету. Мәскеу болса, осы шектеулерді қолдаған елдерге «қара алтын» сатуды доғаратынын ескертті. Ал, Украина Ресей мұнайының құнын 30 доллардан асырмауды талап етіп отыр. Өйткені, Киевтің мәлімдеуінше, көмірсутегі 60 долларға сатылатын болса, Ресейдің бюджетіне жылына 100 миллиард доллар кіріс әкеледі.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу