Үкімет сағаты: Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет сағаты: Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгереді

05.12.2022

Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгереді. Бұл қаржы енді отбасын немесе азаматты қиын жағдайдан шығару құралы ретінде қарастырылады. Ал жалақы кем дегенде 20-30 пайызға өседі. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі айтты. Әлеуметтік кодекстің негізгі бағыттарын Дарын Сағитов тарқатады.

Үкімет сағаты: Әлеуметтік кодекс жобасы таныстырылды

Құжат отбасылардың әл-ауқатын көтеру мен нығайтудың базалық жағдайын қалыптастыруды көздейді. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасалады. Құжатты әзірлеуде халықаралық тәжірибе ескерілді. Яғни Еуро одақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Құжат аясында көпбалалы аналар да назардан тыс қалмады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
«Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері өседі және олар «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградтталған аналар деген жаңа статуспен қарастырылатын болады. Тағы бір маңызды параметр – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болады».

Алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері өседі. Министр осылай деді. Ал ынтымақты зейнетақы мөлшерін орта айлық жалақының 70 пайызына дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл - зейнеткерлер толық мемлекеттің қолдауында болады деген сөз. Жалпы құжат аясында көмекке мұқтаж кез келген азаматтың қаржылай жәрдем алуы мәселесіне басымдық беріледі.

Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Мемлекет басшысы халықты әлеуметтік қорғау саласында заңнаманың нормаларын жүйелеу үшін Әлеуметтік кодекстің жоабсын әзірлеуді тапсырған болатын. Ол азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін, бірыңғай негіз құруға, сондай-ақ халықтың мемелкет жүргізіп отырған әлеуметтік саясат туралы түсінігін жақсартуға бағытталған».

Зейнетақы жинағы: Салымшылардың құқығы қорғалады

Президент тапсырмасына сәйкес, 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы қосымша көмек ретінде беріледі. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзарып, мүгедектерге қызмет көрсету талабы өзгереді. Әлеуметтік жұмыспен сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады. Оларды таңдау үшін арнайы тізім жасалады. Зейнетақы жинағы да кодекстен шет қалған жоқ. Енді салымшылардың құқығыкеңейеді. Жинақтың сақталуына салымшы таңдау жасаған компания жауапты болады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
 «Енді белгіленген жеткіліктілік шектен жоғары зейнетақы жинақтарын азаматтар тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсайтын болады. Сондай-ақ, салымшылар бар зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және мұндай компанияны өздері таңдауға құқылы болады».

Жалақы орта есеппен 20-30 пайызға өседі

Нарық заңы қатал. Баға ырыққа бағынбай тұрғанда еңбекақы мөлшерін реттеу аса маңызды. Министр бюджеттік мекемелерде жалақының өсіп жатқанын айтты. Келер жылы білім беру ұйымдарында еңбекақы екі есе өседі. 2024 жылы денсаулық сақтау саласында, 2025 жылы әлеуметтік қамсыздандыру саласында жалақы көлемі артады. Ал компаниялармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тиісті меморандум бар. Орта есеппен жалақы 20-30 пайызға өседі деді, министр.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу