Елдегі жылу электр орталықтарындағы негізгі жабдықтардың 66 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі жылу электр орталықтарындағы негізгі жабдықтардың 66 пайызы тозған

04.12.2022

Елдегі жылу электр орталықтарындағы негізгі жабдықтардың 66 пайызы тозған. Станциялардың жартысынан көбі 50 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді екен. Республика бойынша мұндай 37 мекеме бар. Оның оны мемлекеттік, бесеуі квазимемлекеттік, қалған жиырма екісі жекеменшік орталық. Бұл нысандар қашан, қалай жекешелендірілген. Әріптесім зерттеп көрді.

Сол кезде 6198 нысан жекеменшікке өтіп, мемлекетке 4 миллиард 144 млн.сом түсті. Жекеге өткеннің басында «Соколов-Сарыбай кен-байыту» акционерлік қоғамы да бар. Комбинат негізгі қызметінен бөлек жылу және электр қуатын өндіріп, тарататын. Сондықтан, оны Қазақстандағы жекеменшікке өткен алғашқы Жылу электр орталығы деуге болады.

Жекешелендірудің екінші кезеңі 1993-1995 жылдары жүзеге асты. Бірінші кезеңде жиналған тәжірибені ескере отырып арнайы Ұлттық бағдарлама әзірленді.

Екі жыл ішінде 10 000 нысан сатылды. Сонымен бір мезгілде кәсіпорындарды акционерлеу бойынша да жұмыстар жүзеге асырылды. Бұл жаппай жекешелендіру мен дербес жобалар бойынша жекешелендірудің бастамасы еді. Дәл осы кезеңде «Қазақстан Алюминиі» акционерлік қоғамы жекеменшікке өтті. Бұл кәсіпорынның да көрсететін көп қызметінің ішіне жылу энергиясын өндіру кіреді.

Үшінші кезең 1996-1998 жылдар - электр энергетикасы мен мұнай-газ саласында белсенді жекешелендіру басталды.

11 518 объекті жеке-меншікке өтті. Бұл кезеңде энергетика саласындағы үш кәсіпорын жеке меншікке берілді. 1998 жылы тамызда «Согра», «Риддер» жылу электр орталықтары, ал қарашада «Атырау жылу электр орталығы» сатылды.

Төртінші кезең 1999-2000 жылдарды қамтыды. Бұл кезде мемлекеттік меншіктегі 4042 нысан сатылып, 58 миллиард 680 млн теңгеге жуық қаражат түсті.

Осы кезеңде жекеменшікке өткен нысандардың ішінде жылу энергиясын өндіретін екі кәсіпорын бар. 1999 жылы қаңтарда «СЕВКАЗЭНЕРГО» акционерлік қоғамы, ал наурызда «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы жекешеленген.

Бұдан кейінгі жылдарда да жекешелендіру белсенді жүрді. Алайда, 1999-2004 жылдары аралығында Энергетика министрлігінде жауапты қызмет атқарған Жақып Хайрушев сол кезде кәсіпорындарды мойнына мінген қарызы үшін банктер тәркілеп, мүліктер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін айтады.

Жақып Хайрушев, еңбек сіңірген энергетик:
Ол кезде Энергетика министрлігінде жұмыс істейтінмін. Мемлекеттік нысандар жеке меншікке қалай өткені есімде. Олар соттың шешімімен немесе қарызы үшін тәркіленіп кетті. Бірде-бір кәсіпорын белгіленген тәртіп бойынша сауда-саттық немесе аукцион арқылы сатылған жоқ. Қазір бұл нысандар бірнеше рет қожайын ауыстырып үлгерді. Сондықтан қарапайым адамдар емес, құзырлы органдар тексеруі керек деп ойлаймын.

Шулы нысандардың біразы осы кездерде жекеменшікке өтті. Мәселен, 2000 жылы Шымкенттегі «3-Энергоорталық», 2002 жылы «ПАВЛОДАРЭНЕРГО», 2003 жылы «Өскемен жылу электр орталығы», 2004 жылы наурызда «Bassel Group LLS» , ал шілдеде «Атырау мұнай өндеу зауыты» кәсіпкерлерге берілді. Ал 2016 жылға дейін жекешелендірілген нысандардың 90 пайызы – коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер болды. Олардың қатарында Ақтөбе, Степногорск, Қарағанды мен Текелідегі жылу электр орталықтары мен «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Қазір ел аузындағы «Екібастұзжылуэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылу тарататын компаниялардың ішінде ең соңғы болып жекеменшікке берілді. Ресми ақпаратқа сәйкес кәсіпорын 2018 жылы 5 маусым күні тіркеуден өткен. Содан бері екі рет басшысы ауысып, құрылтайшы мүлкін төрт жыл ішінде бірнеше рет мемлекетке қайтарып беруге тырысқан.

Александр Клебанов, «ЕкібастұзЖылуэнерго» ЖШС құрылтайшысы:
Біздің компания шығыны 17,5 миллиардқа жетті. Біз бұл жөнінде әкімшілікке бірнеше рет айтқан болатынбыз. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеу ұсынысы болды. Біз 51 пайыз акцияны 1 теңгеге бағалап мемлекетке қайтармақ болдық. Егер біздің жұмысымыз біреулерге ұнамаса кәсіпорынды 100 пайыз мемлекет иелігіне қайтаруға әзірміз.

Біз ашық ақпарат көздерінен компанияның табыс салығын тексеріп көрдік. Аздаған ауытқулар болғанымен кәсіпорынның түсімі тұрақты екен. Ал қазандықтарын күтіп ұстамаған орталықтарға неге шара қолданылмағанын министр былай түсіндірді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Мысалы біздің Энергобақылау комитетінің кез келген станцияны кез келген уақытта тексеруге құзыреті жоқ. Сондықтан сол мәселені қайта қарап жатырмыз. Ол заң Мәжілісте талқыланып жатыр. Жақын арада шығады деп сенеміз. Одан кейін бұрынғыдай барып тексеріп, осындай жұмыстарды жүргізетін боламыз.

Министр осындай апаттардың алдын алу үшін жаңа станциялар мен құбырлар салу керегін айтты. Бірақ сала мамандары нарықта қалыптасқан жағдай өзгермей, инвесторлар қызықпайтынын алға тартады. Сондықтан мемлекет энергетикаға деген көзқарасын өзгертуі керек.

Серік Селеубай

Хабарламаларға жазылу