Қазақтардың Түркияға көшкеніне 70 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтардың Түркияға көшкеніне 70 жыл толды

29.11.2022

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес үкіметі мен Қытайда басталған қуғын-сүргіннен қашқан қазақтар әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылды. Осы үркіншілікте Алтайдан ауып, Тибет, Пәкістан арқылы Түркияға табан тіреген қазақтардың көшіне биыл тура 70 жыл толып отыр. Осы қаралы көшті кейінгі ұрпақтың жадынан өшірмеу мақсатында, «Отандастар» қорының ұйытқы болуымен, Ыстамбұл қаласында ескерткіш ашылып, халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Стамбұл қаласында қазақ-түрік бауырластығына арналған тағы бір ескерткіш бой көтерді. Қазақтар көп шоғырланған Қазақкент шағын ауданындағы өнер және мәдениет сарайының алдында ерекше туынды ашылды. Ескерткіш авторлары мұндағы әр символдың өзіндік мәні бар екенін айтады.

Жанұзақ Мүсәпір, ескерткіш авторы:

Басында біздің ойымыз Қазақстанның үлкен гранит тастарын алып келіп қойғымыз келген. Ол астында жер шары, жер шарынан шығып тұрған тамыр үлкен байтерекке ұласады. Бәйтеректің өзі бірігіп, Қазақстанның туымен Түркияның туын біріктіріп, екеуі бір бәйтерек болып бірігіп, тамыры бір түркі халқы екенін көрсететін осындай идея болды.

Нұрғалым Исабаев, мүсінші:

Тас бізге жақын дүние болғаннан кейін, тастағы ата бабаларымыздың бұрынғы тасқа салып кеткен суреттері ескі ол нені айтады, түрік қазақ елі бірге бауырлас халықпыз достықты айтып жатырмыз ғой, ал арғы тереңдегі тарихты қазатын болсақ тарихта айтып тұрған дүние болады. Сондықтан біз түбіміз бір, тамырымыз бір үлкен байтерек достықтағы осындай бауырлас ел ретінде осындай символды беруге жақсы үлкен шешім таптық деп ойлаймын.

Өткен ғасырда коммунистік режимнен қысым көрген Алтайдағы қазақтар пана сұрап бірнеше мұсылман мемлекетіне елші жолдаған. Солардың ішінен бауырлас Түрік елі ғана қазақтарды ешқандай шартсыз қабылдауға келіседі.

Абдуллаһ Өздемир, Бағжылар ауданының әкімі:

Біздің қазақ бауырларымызбен рухани байланысымыз ешқашан үзілген емес. Ауданымызда екі ел арасындағы байланысты бекемдеуге бағытталған шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Қашанда қазақ бауырларымызға қолдау көрсетуге әзірміз.

Осы шараға орай арнайы ұйымдастырылған халықаралық конференцияға жиылғандар әлем ғалымдары қаралы көшке қандай тарихи баға бергенін талқылады. Айтылмай қалған фактілермен бөлісті. Мәселен Алтайдан шыққан 18000 қазақтың Түркияға 1852-сі ғана аман жеткен. Осының өзі бұл көштің қандай ауыр болғанын білдіреді.

Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:

Өткен жылы осы Стамбұл қаласында түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өткен болатын. Сол саммитте президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы тарихи оқиғаны атап өткен болатын. Өзінің және қазақ халқының атыннан Түрік ағайындарға өзінің шынайы ризашылығын білдіріп, қазақ көшінде қайтыс болған ата-бабаларымызды еске алып, және осы қазақ көшіне мұрындық болған Түркияның сол кездегі Премьер министрі Аднан Мендереске алғысын айтқан болатын. Біз де осы жүрекжарды тілектің жалғасы ретінде осындай іс-шара ұйымдастырып жатырмыз.

Жиын соңында Қазақ-түрік ынтымағына үлес қосқан азаматтар арнайы төсбелгімен марапатталды. Содан кейін Ұлттық арна мен Отандастар қоры бірлесе дайындаған «Алтайдан - Анадолыға: Азаттық аңсаған қазақ көші» атты деректі фильмнің тұңғыш көрсетілімі болды. Жиналғандар фильмді ерекше ықыласпен қабылдады.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу