Ынтымақтастық форумы: XVIII өңіраралық жиын Орынборда өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ынтымақтастық форумы: XVIII өңіраралық жиын Орынборда өтті

28.11.2022

Ресейдің Орынбор қаласында он сегізінші Қазақстан ̵ Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Жиынға екі елдің үкімет мүшелері мен шекаралас облыстардың басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе –халықаралық саудадағы инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастау. 

Форумды 2003-ші жылдан бері екі ел кезекпен өткізіп келеді. Биыл таңдау Орынборға түсті. Шараға шаһар басшылығының тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Ресей тарапы біздің елден келген делегацияны құрметпен қарсы алды.

Агроөнеркәсіп саласы жақсы дамыған өңір біздің Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарымен бірнеше сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнатқан. Биыл 8 айда екі жақты сауда айналымы 300 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл аймақта орналасқан 170 кәсіпорын бізге өз өнімдерін ұсынып келеді. Ал, Қазақстан көмір, дизель отыны, металл мен жеңіл өнеркәсіп тауарларын жеткізіп отыр.

Гүлпаршын Айдарханова, Ақтөбе облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:
Біраз қыз-келіншектер келдік кәсіп жасап жатқан. Біздің мақсатымыз – білім жағынан, медицина жағына және тігін жағынан кәсіпті нығайту. Жаңа кездесу болды. Біз үлкен-үлкен жоспарлар құрдық.

Форумда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Кәсіпкерлік байланысты одан әрі арттыру, саладағы кедергілерді жою жайы да талқыланды. Санкция қыспағына ұшыраған ресейлік кәсіпорындардың арасында біздің елге келгісі келетіндер аз емес. Бұған дейін жалпы құны 600 милион доллардан асатын 25 жоба іске асса, жақын арада тағы 20-дан аса келісім-шарт жасалмақ.

Биылғы тоғыз айда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 18 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға көп. Көрші елге шығатын экспорт көлемі 15 пайызға өскен. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі арттыруға екі жақ та мүдделі. Қазақстанның жалпы құны 1 миллиард доллар болатын 180 түрлі тауар түрін сату мүмкіндігі бар.

Денис Паслер, Орынбор облысының губернаторы, РФ:
«Екі елдің транзиттік әлеуетінің еселеп артатынына күмән жоқ. Алайда, шекара бекеттерін жаңғырту, темір жол байланысын дамыту мәселелерін облыс деңгейінде шешу қиын. Соған қарамастан бұл сұрақтар да жуық арада шешімін табады деп сенемін».

Екі жақты келіссөздер барысында көлік-логистика саласындағы кедергілерді жою жайы сөз болды. Биыл Қазақстан арқылы өтетін Қытай мен Ресей арасындағы жүк тасымалы 4 есеге артқан. Екіжақты келісімдер нәтижесінде 29 кедендік өткізу бекетіне жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, «Қорғас» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін арттыру көзделіп отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:
«Форум нәтижесінде құны 23 миллиард теңгеден асатын 17 құжатқа қол қойылды. Өзге өңірлерді айтпағанның өзінде, елімізде жаңадан құрылған Абай, Ұлытау облыстары да Ресейдің шекаралас аймақтарымен сауда-экономика, ғылым мен мәдениет салалары бойынша ынтымақтаса жұмыс істеуге уағдаласты.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу