Қостанай облысының Жітіқара қаласында ерекше балаларды спортқа бейімдейтін орталық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Жітіқара қаласында ерекше балаларды спортқа бейімдейтін орталық ашылды

28.11.2022

Қостанай облысының Жітіқара қаласында ерекше балаларды спортқа бейімдейтін орталық ашылды. Бұл жаңа жобаның әдістемесін жергілікті мамандар дайындаған. Себебі елімізде мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді шынықтыруға арналған тиімді бағдарлама жоқ. Орталыққа әзір 21 бала келіп жүр. Олар аптасына үш рет спорт залында, боз кілем үстінде түрлі жаттығулар жасайды. Бассейнге түсуге де белгілі бір уақыт бөлінген. Жүктеме белгілер кезде әр баланың ерекшелігі, физикалық мүмкіндігі мен медициналық диагнозы ескеріледі. Әлеуметтік тапсырыспен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба бір жылға ғана есептелген. Аудандық әкімдіктегілер келер жылы да жалғасын табады деп отыр. Ал ата-аналар кешенді жаттығулардың арқасында дамуында ауытқуы бар балалардың жағдайы оңала бастағанын айтады.

Алмагүл Омарова, жобаны үйлестіруші:

Жарты жылдың ішінде жақсы өзгерістер бар. Балалардың біразы ашылып, сөйлей бастады. Менің қызым да адамдармен тілдесетін халге жетті. Ойын түріндегі дене шынықтыру мидың белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Тек оны үзіп алмасақ болғаны.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу