Сайлаудан кейін не өзгереді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлаудан кейін не өзгереді?

27.11.2022

81 пайыз дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев екінші мерзімге қайта сайланды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сай, дауыс беру құқығын 8 млн 300 мың адам пайдаланыпты. Бұл сайлаушылардың – 69 %. Жырақта жүрген қазақстандықтар үшін 53 мемлекетте 68 сайлау учаскесі ашылған еді. 12 841 қазақстандықтың 11 360-ы дауыс берген.

Ал Қазақстандағы саяси дода кезінде 264 шетелдік журналист жұмыс істеген екен. Әлемдік Бұқаралық ақпарат құралдарының президент сайлауы туралы не дегенін шолып өттік.

«Еуроньюс» бұл жолғы сайлауда президенттікке талас белсенділеу болғанын жазыпты. «Неміс толқыны» Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауда үлкен жетістікпен жеңіске жеткенін жазып, материалда Украина мен Ресей арасындағы соғыстың Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін екенін талдапты.

Ал «Дипломат» басылымы «Тоқаевтың екінші мерзімінен не күтуге болады?» деген тақырыппен көлемді материал жариялаған. Сарапшылар Қазақстан Президенті экономикалық реформалар мен мемлекеттік аппарат жұмысының тиімді болуына басымдық беретінін айтқан.

«Апта» бағдарламасы да сайлаудың қалай өткенінен бұрын, одан кейін не өзгеретінін білгісі келді. Сондықтан Оңғар Алпысбайұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында қандай мәселелерге басымдық берілгенін сараптайды.

Құжат «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін». Қазір және әрдайым деп аталады. Ол әділетті мемлекет, экономика, қоғам деп аталатын үш негізгі тамақтан тұрады. Саяси жаңғыру, мемлекеттік басқару, әділетті экономика, бәсекелестікті арттыру, қолжетімді білім, медицина сияқты барлық сала қамтылған. Енді негізгілеріне тоқталайық.

Президенттің бұл жолғы ұсыныстары бұған дейін басталған реформалардың жалғасы дейді сарапшылар. Қолдан басқару жойылмақ. Әсіресе өңірлерге еркіндік беріледі. Әр аймақ азаматтары өздеріне қажет тұлғаны билікке қояды, депутат етіп сайлай алады.

Еркін Дүсіпов, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының проректоры:

Халық өзі таңдасын. Халық таңдаса ол кімнің алдында жауап береді? Бұрын айтатын мемлекеттік органның алдында деп. Енді халықтың алдында жауап беруі керек.

Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:

Егер де жұмыс істемейтін әкімдер болатын болса ауыл кеңестері арқылы олар кері қайтарып ала алады ондай әкімдерді. Осы тетіктерді енді біздің халқымыз осы заңды оқып, осыны іске асыруға саяси белсенділік пен саяси мәдениет керек осы жерде. Сынап жүрген азаматтар енді олар қазір тіпті ауылдың әкімі бола алады. Сайлауға түсе алады. Енді олар сайлауға түсіп мәслихат депутаты бола алады.

Ал, қазір орталықтан ғана қаржыландырылып, қол қусырып қарап отырған аймақтар көп.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ел ішінде донор болып келе жатқан аймақтар саны азайып кетті өкінішке орай. Бізде әлі де өндірістік потенциалы бар Қарағанды облысы Шығыс қазақстан облысы керісінше бюджеттен қаржыландырылатын рецепиенттердің санын көбейтіп жатыр. Сәйкесінше бұл жерлерде аймақтардың, өңірлердің ақша бөлуінде үлкен дизпропорция мәселесі жатыр.

Экономист Жангелді Шымшықов әкімдерге ғана арқа сүйеп отыру аймақты алға жылжыту үшін аздық етеді. Біз әр елдімекенде халықтық қауымдастық құрып, солардың жұмысын ширатуымыз керек деп есептейді.

Жангелді Шымшықов, экономист:

Конституцияға тағы бір меншік пішінін немесе формасын енгізуіміз керек. Бізде екақ меншік бар ғой. Біреуі мемлекеттік меншік біреуі жеке меншік. Муниципалды меншік деген бар. Ол не қылған меншік? Ол жергілікті қауымдастықтың меншігі. Алға баса алмай тұрғаны жергілікті өзін өзі басқаруды оның мүлкі жоқ. Меншігі жоқ. Ол жүгіріп мемлекеттік әкімге барып сұрануға жалынуға тиісті.

Сайлауалды бағдарламасында болған осындай ауқымды мәселелерді шешу үшін заңға өзгеріс енгізу қажеттігі анық. Сол үшін мәжіліс депуттаттары басты құжат жобаларын әзірлеуді толық өздеріне беруді сұрап отыр.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Үкіметтің заң шығару бастамасын айырып, оны заң шығаруға депутаттарға беру мүмкіндігі. Сол кезде министрлер мен депутаттардың күнделікті жұмыс істеу яғни бір біріне деген мұхтаждығы арта түседі. Депутат мажоритарлық жолмен келгені бар, партиялық жолмен келгені бар Партиялық жолмен келгені өзінің сайлауалды қарарларында берген уәделерін орындауға мүдделі болады.

Ірі мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру тәртібін де өзгерту көзделіп отыр. Енді әр бастамаға жауапты нақты орган бекітілмек.

Еркін Дүсіпов, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының проректоры:

Бұрындары бізде үлкен бағдарламалар қабылданатын. Бағдарламалар қабылданды, жазылды. Ол жүзеге аспай жатыр. Сондықтан мемлекет басшысы айтты енді жобалар түрінде болуы керек.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қандай да бір бағдарлама жүзеге аспай жатқан кезде міндетті түрде жауапкершілігі бар адамдарды жүзеге аспай қалған жағдайда табу қиын болатын. Президенттің баса айтқан мәселесі әрбір ұлттық жобаға жауап беретін нақты министр болады. Министрлік болады.

Жауапты орган болғанымен ол кез келген жобаның басым бөлігін жүзеге асыратын бизнес өкілдерінің жұмысына тікелей араласпауы керек. Бәсекелестік бағаны да сапаны да сөзсіз реттейді дейді мамандар.

Жангелді Шымшықов, экономист:

Қарар, қаулы, үкім, бұйрық дегеннің бәрінен гөрі экономиканың өзінің заңдылықтарына басымдық беруіміз керек. Ол деген – еркіндік. Ол деген – демократия. Ол деген – нарықтық экономиканың өз заңдылықтарының орындалуы.

Монополиямен күресті де күшейту қажет. Бұл арқылы шағын және орта бизнеске жаңа серпін беруге болады дейді экономист. Ғылымға да ерекше мүмкіндіктер беру маңызды. Сонда кез келген саланы жылдам дамытуға мүмкіндіктер ашылады. Ал қазір қазақстандық ғалымдар жобаларын өзіміздің нарыққа енгізе алмай әлек. Бәріне кедергі баяғы бюракратия және тендр.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Оларды сатып алатын кезде тендр, конкурстар болмауы керек. Тікелей алатын қылып. Себебі оның шығарып жатқан дүниесін ешкім шығарып жатқан жоқ қой. Сондықтан оған неге тендр жариялаймыз?

Бір ғана мысал келтірейік. Маңғыстаулық ІТ компанияның «EduMektep» атты платформасы бар. Осы өңірдің білім ошақтарының жұмысын жүйелеп тұр. Ал өзге аймақтар Ресейлік жобаны амалсыз пайдаланып отыр дейді Еділ жаңбыршин.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өзімізде болып тұрып біз неге қазір Ресейдікін пайдаланып отырмыз.
– Себебі оның артында тұрған топтар болуы мүмкін. Әдейі соны лоббировать етіп кіргізіп отырған. Мәселе сол ғой.

Осылайша алдағы 7 жылға жоспар түзілді. Енді мемлекет халықпен бірге оны жүзеге асыруы тиіс.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу