Отандық телехикаялар мен деректі фильмдердің сапасы артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық телехикаялар мен деректі фильмдердің сапасы артады

25.11.2022

Отандық телехикаялар мен деректі фильмдердің сапасы артады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылған қоғамдық көркемдік кеңесте айтылды. Жиында төл туындылардың бағыты айқындалып, сала мамандары түрлі ұсыныстарын жеткізді.

Отандық телехикаялар мен деректі фильмдер барысында тарихи жобалар мен еңбек адамын насихаттауға мән беріледі. Алдағы уақытта министрлік тарапынан бұндай туындыларды сметалық жоба бойынша қаржыландыру жоспарда бар.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Қоғамдық кеңес құрудағы мақсат сериалдық және деректі фильм өндірісінің дамуына сапалы ықпал ету, болашағына бағдар беру, сериалдық өнімдердің өзекті мәселелерін талқылау, өнімдердің тақырыптық әрі мазмұндық бағытын саралау. Өзіміздің ішкі қазанымызда қайнамай, бәлкім үлкен аудитиорияға шығару. Түркі әлеміне немесе басқа да көршілес елдерге шығару сияқты жайттарды талқылау.

Кеңеске келген сала мамандары өз ұсыныстарын айтты. Режиссер Қалила Омар балаларға арналған телехикаялар өндірісін қолға алу мәселесін көтерсе, драматург Роза Мұқанова тілдік ерекшелікке назар аудару қажет дейді. Ал жазушы Смағұл Елубай сериалдардың көркемдік сапасын арттыру мәселесін көтерді.

Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург:

Телсериалдардың үлкен трагедиясы, автор жоқ, сценарий жоқ. Оны кім қабылдап жатыр, ол белгісіз. Жақсы сценарийді құртуға болады. Ал жаман сценридан ешқашан жақсы фильм шықпайды.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жыл сайын тамыз айында нарықтағы сериал өндіруші компаниялар арасында ашық конкурс жариялайды. Биыл 67 компаниядан 185 жоба келіп түсті. Бұл салада алға жылжу бар деді корпорация басшысы.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Сіздердің қазіргі бүкіл ұсыныстарыңыз біз үшін өте құнды. Біз қашан да мұндай ұсынысқа, сынға да ашықпыз, дайынбыз. Бұл салада алға жылжу бар, соны айтқым келеді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы біздің елдегі ең ірі сериал түсіруші компания. Жылына 200 серия өндіреміз, орташа алғанда 12-14 серия.

Биыл «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жалпы саны 221 бөлім болатын 17 телехикая түсірді. Оның ішінде 5 тарихи сериал бар. Олар Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Қорқыт тұлғасына арналған туындылар. Міржақып Дулатұлына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы Тәуелсіздік күнінде эфирге шығады.

Саламат Омаш

Хабарламаларға жазылу